Астық, жылқы, экспорт: Қазақстан аграрлық ғылым мен инфрақұрылымды күшейтуде

1177
Фотосурет: UKIMET

2030 жылға дейінгі республикалық аграрлық саясат аясында негізгі екі мақсат айқындалды: егіс алқаптарының 80%-ын отандық селекциядағы тұқымдармен қамтамасыз ету және қазақстандық асыл тұқымды жылқылардың үлесін 10%-ға дейін арттыру.

Осы бағыттарды ғылыми тұрғыда қамтамасыз етуді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына тапсырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

ҰАҒБО-ның өткен жылғы жұмыстары мен алдағы жоспарлары ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге таныстырылды.

Өсімдік шаруашылығы мен тұқым шаруашылығындағы ғылым

2024–2026 жылдар аралығында ҰАҒБО жалпы сомасы 22,7 млрд теңгені құрайтын 26 ғылыми-зерттеу бағдарламасын жүзеге асырады. Негізгі басымдық – селекцияны дамыту, органикалық егіншілік және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге берілді. Түпкі мақсат – 109 жаңа сорт шығарып, буданды алу және 2 300 тонна жаңа сорттардың түпнұсқа тұқымын өндіру.

«2030 жылға қарай егіс алқаптарының 80%-ын отандық селекциядағы тұқымдармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл үшін жыл сайын шамамен 40 мың тонна түпнұсқалы немесе элиталық тұқым өндіру қажет. Бұл – нақты орындалатын мақсат. Тек 2024 жылдың өзінде 38 мың тонна тұқым өндірілді, оның 11,4 мың тоннасы – түпнұсқа тұқымдар» ҰАҒБО басқарма төрағасы Айгүл Ахмеджанова

Соңғы 10 жылда шығарылған ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарына жүргізілген түгендеу нәтижесінде, өндірістік көлемде енгізуге жарамды 154 сорт таңдалды. Олардың қатарында жоғары өнімділігімен ерекшеленген «Таймас», «Астана-2000», «Кудесница», «Айдын», «Семеновна», «Мақтаарал-5027» және басқа да дәнді, бұршақ, майлы және басқа да дақылдардың сорттары бар.

Серік Жұманғарин бұл сорттарды еліміздің басқа өңірлерінде ендіру және аудандастыру жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.

Заманауи агроинфрақұрылым және халықаралық ынтымақтастық

2025 жылғы 18 маусымда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің базасында халықаралық санитарлық талаптарға сай сапаны бақылауға арналған, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған Азық-түлік қауіпсіздігі зертханасы ашылды. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен бірлесіп, органикалық өнімдерді сертификаттау орталығы жұмысын бастады. Аталмыш орталықтың мақсаты — экологиялық таза ауыл шаруашылығын дамыту.

Сондай-ақ Қазақстан-Қытай инновациялық орталығы да іске қосылды. Орталық астық сапасын анықтау, астық саласын цифрландыру және экспорттық стандарттар бойынша зертханалық жұмыстарды жүргізуге маманданған.

Асыл тұқымды жылқы шаруашылығы

ҰАҒББО-ның жаңа әрі маңызды бағыттарының бірі — жылқы шаруашылығын дамыту. 2024 жылдың соңында Ақтөбе облысында Жылқы шаруашылығы институты құрылып, 2030 жылға дейін елдегі асыл тұқымды жылқылар үлесін 10 пайызға жеткізу міндеті қойылды (4,2 млн бастың ішінен 420 мың бас). Қазіргі таңда бұл көрсеткіш небәрі 1 пайызды (шамамен 40 мың бас) құрайды.

Аталған мақсатты іске асыру үшін 2035 жылға дейінгі Жылқы шаруашылығын дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Бағдарламалық құжатта жылқы селекциясы мен генетикасы саласындағы ғылыми зерттеулер жүргізу, шабандоздар мен мамандарды даярлайтын орталықтар мен мектептер ашу, ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту және өзге де шаралар қарастырылған. Институт бүгінде аккредитациядан өтіп, оригинатор және элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесін алды. Жаңа селекциялық жобалар іске қосылып, мамандар даярлау жүйесі құрылды. Қазіргі таңда атқоралар мен ипподром салу жоспарлануда.

Жиын қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Институтты дамыту бойынша инфрақұрылым, кадрлық әлеует және халықаралық әріптестік бағыттарындағы нақты жоспарларды әзірлеуді тапсырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -