Алматыда Нэлли Бубэ туындыларының көрмесі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
2025 жылдың 18 маусымында Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде отандық суретші Нэлли Бубэнің «Мәдениет диалогы. Шығыс - Батыс» атты жеке мерейтойлық көрмесінің ашылуы өтті.
Бұл көрме – суретшінің жарты ғасырдан астам шығармашылық жолын қамтитын ауқымды өнер жобасы. Экспозицияда кескіндеме, графика, коллаждар, объектілер мен станок туындылары ұсынылған. Барлық туынды өркениет, ұрпақ және уақыт арасындағы үздіксіз диалогты суреттеп тұрғандай.
Көрмеге 80-нен астам туынды қойылған. Автордың еңбектерінде үш негізгі тақырып бар. Атап айтсақ, мәдени сабақтастық, экологиялық мәселелер және Киелі кітаптың желісі байқалады. Бұл тақырыптар шығармада метафоралық тереңдікпен, пластикалық көркемдік, авторлық техникамен орындалған.
Нэлли Бубэ үшін «Шығыс - Батыс» – көпір емес, бір кеңістікте қатар өмір сүру ұғымы. Ұлы Жібек жолына арналған серия - географиялық карта ғана емес, мәдени алмасу туралы поэтикалық шығарма, Еуропа, Азия мен Қытай халықтарының бейбіт өмір сүру салтын суреттейтін көркем шығарма. Символдық бейнелер мен композициялық шешімдерден бостандық идеясы мен рухани тәжірибенің ортақ табиғаты айқын сезіледі. Суретші бұл тақырыпқа бармас бұрын, 2002 жылдан бері жан-жақты ізденген. Аталмыш көрмеде автор «Ұлы Жібек жолының» бірнеше нұсқасының ішінен екі жұмысын ғана ұсынып отыр.
Нэлли Бубэ - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының және Қазақстан Республикасы Өнер академиясының мүшесі, Ресей Өнер академиясының құрметті шетелдік мүшесі. Нэлли Бубэ 1949 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1969 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1977 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факултетін тәмамдаған. Суретші көптеген қалалық, республикалық, халықаралық және жеке көрмелерге қатысқан.
Экспозиция 2025 жылдың 11 шілдесіне дейін жалғасады.