Kazakh Tourism Ішкі туризмнің онлайн академиясының тегін оқыту бағдарламаларын кеңейтуді жалғастыруда. Биыл тыңдаушыларға 3 жаңа курс ұсынылады. Олар негізгі трендтер мен бағыттарды қамтиды: туристік дестинацияларды басқару, халал туризм және туризмге инвестициялар, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бүгінде Kazakh Tourism ниет білдірушілерге туризм саласында дамуға және жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде 27 өзекті бағыт бойынша тегін жүргізіледі. Материалдардың кең таңдауы саланың қазіргі үрдістері мен қажеттіліктері негізінде әзірленген.
«Біз білімнің қолжетімдігі мен мазмұнның өзектілігіне баса назар аударамыз. Онлайн академия – бұл мыңдаған қазақстандықтар үшін өңірге және дайындық деңгейіне қарамастан, маңызды ақпаратқа қол жеткізуге жол ашатын алаң. Жыл сайын саланың сұранысы мен үрдістеріне сәйкес жаңа оқу бағыттарын ұсынамыз. Курстарды туризм индустриясының тәжірибелі сарапшылар мен кәсіби мамандар жүргізеді. Бұд әдіс оқуды барынша тәжірибеге негізделген әрі нақты жағдайларға бейімделген етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов.
Ішкі туризмнің онлайн академиясының тыңдаушылары - туристік бизнес өкілдері және сала бойынша бастапқы білім алуға ұмтылатын қарапайым қазақстандықтар. 2020 жылы бұл жоба іске қосылғаннан бері 10 000 астам сертификат табысталды.
Оқу бағдарламалары білімді практикалық тұрғыдан қолдануға бағытталған. Оның ішінде туризмнің экожүйесін талдаудан және маркетингті қолданудан бастап қауымдастықтармен және әлеуетті инвесторлармен тиімді коммуникация құру қарастырылған. Тыңдаушылар туристік нишаны дұрыс анықтауды, лендинг парақшаны әзірлеуді, саяхат саласында тұрақты және бәсекеге қабілетті бизнес құрудың негізгі қадамдарын меңгере алады.