2025 жылғы 21 маусымда Бұқаралық ақпарат құралдары күніне орай Астанадағы Spaces коворкинг кеңістігінде QAZCONTENT OPEN 2025 шахмат турнирі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараны Қазақстан шахмат федерациясы, «Qazcontent» АҚ және Білім беруді тұрақты дамыту қоры бірлесіп ұйымдастырды.
Аталған шахмат турниріне баспа, телеарна, радио және интернет БАҚ-тардың 40-тан аса журналисі қатысып, өзара бақ сынады. Жарыс швейцар жүйесі бойынша блиц форматында (7 тур) өткізілді, ал жартылай финал және финал ойындары нокаут жүйесімен ұйымдастырылды.
Шахмат – бұл тек спорт қана емес, заманауи медиа маманының интеллектуалды өмір салтының бір бөлігі. Журналистерге күн сайын үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істеп, жедел әрекет етуге, талдау жасауға және тез шешім қабылдауға тура келеді. Осындай қабілеттерді дамыту үшін арнайы ұйымдастырылған шахмат турнирінде журналистер қауымы белсенділік танытып, қызығушылықпен атсалысты.
Турнир жеңімпаздары:
1 орын — Омаров Рүстем, «Elkz» ақпараттық-танымдық порталы
2 орын — Салықбаев Нұрлан, «Qazaqstan» телеарнасы
3 орын — Ермуханов Мерей, IQas_astana CEO-сы
Сонымен қатар, «Үздік инфлюенсер» номинациясы блогер Хван Сергейге табысталды.
QAZCONTENT OPEN 2025 турнирінің белсенді қатысушы ретінде «Qazaqstan» телеарнасының редакторы Ляззат Тушкенова марапатталды.
«Шахмат ойыны жадымызды, стратегиялық және сыни ойлауды дамытады — бұл дағдылар журналист мамандығында аса қажет. Блиц форматындағы партия жылдам шешім қабылдауға үйретеді, бұл жаңалықтар редакциясындағы қатаң дедлайн жағдайларымен ұқсас. “Qazcontent” медиахолдингі осындай зияткерлік бастамаларды қолдауға және осы шараның бір бөлшегі болуға қуанышты» “Qazcontent” АҚ креативтік дирекция басшысы Жандос Смайлов
Барлық қатысушылар турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, журналистерге еркін әрі ашық диалог жүргізуге мүмкіндік берілгеніне алғыс айтты. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдар мен ақшалай сертификаттармен марапатталды.