28 гавардиялық-панфиловшылар саябағында Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты курсанттарының 24-ші легі оқуды тәмамдады, деп хабарлайды DKnews.kz.
"Лейтенант" алғашқы офицерлік атағын алған түлектердің төртеуі жоғары оқу орнын үздік бітірді. Сонымен бірге Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскери кадрларын даярлау шеңберінде Қырғызстанның бір азаматы оқудан өтті.
Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, Әуе қорғанысы күштерінің, әскери және азаматтық жоғары оқу орындарының өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, оқуды аяқтаған түлектердің туыстары мен жақындары қатысты.
Жас офицерлерді Қорғаныс министрінің орынбасары - Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы генерал-майор Қайрат Садықов құттықтады. Ол алдағы күндері әскерлерде қызметке кірісетін жоғары білікті мамандарды даярлағаны үшін институт басшылығы мен оқытушылар құрамына алғысын білдірді:
Оқуды аяқтағаннан кейін сіздер қажырлы қызмет пен кәсіби өсу үшін барлық мүмкіндіктерге ие болдыңыздар. Ең бастысы — институт қабырғасында заманауи білімді игеріп, сапалы әскери дайындықтан өттіңіздер
Биыл институтты екі курс бір уақытта аяқтап отыр. Өйткені оқу орны төрт жылдық оқыту жүйесіне көшкен болатын.
Бұл шығарылым бізге, бесінші курс курсанттары үшін, тарихи болды. Біз бес жылдық бағдарламаның соңғы шығарылымымыз. Сонымен қатар, оқу үздігі ретінде мен Президент — Жоғарғы Бас қолбасшының қолынан лейтенант погонын алдым. Енді институтта алған білімімді Отан қорғау ісіне арнаймын Лейтенант Даниал Дарқұлов
Дәстүр бойынша іс-шара институттың Жауынгерлік туымен қоштасу рәсімімен аяқталды. Әскери оркестрдің үнімен жас лейтенанттар салтанатты шерумен жүріп өтті.
Әскери оқу орны радиоэлектроника, радиотехника және инжиниринг, автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік жүйелері, әскери журналистика, әскери дирижерлеу және әскери құрылыс сияқты бағыттар бойынша білікті әскери мамандарды даярлауды жүзеге асырады. Осы уақытқа дейін Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты 4000-нан астам офицер дайындады.
Институт түлектері цифрландыру және заманауи әскери технологияларды қолдану жағдайында тиімді әрекет етуге дайын. Олар барлық әскери құрылымдарда сұранысқа ие.
Биылғы жылдан бастап институтта "Әскери істегі криптология, "Халықаралық әскери қатынастар және аударма ісі" атты тағы екі жаңа мамандық ашылды. Олардың басты артықшылығы бакалавр академиялық дәрежесін бере отырып, әскери және азаматтық диплом алу мүмкіндігі.