Түркістан облысында майдангерді ғасырлық мерейтойымен құттықтады

1210
Фотосурет: Gov

Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Кузьмич Попковты Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен Жетісай және Мақтаарал аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлімінің бастығы капитан Нұрдәулет Рысбек құттықтады. Ардагерге Қорғаныс министрі мен Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының атынан алғыс хат табыс етілді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Капитан Нұрдәулет Рысбек ғасыр жасаған ардагерді құттықтау үлкен мәртебе екенін атап өтті.

- Мұндай кездесулер ұрпақтар байланысының терең символы. Біз, әскери қызметшілер үшін, бұл тарихи оқиға. Батырларды құрметтеу - біздің міндетіміз, - деді ол.

Петр Кузьмич Попков 1925 жылы 20 маусымда Башқұрт АССР Максимовка ауылында дүниеге келген. 18 жасында майданға ерікті болып аттанған. Қысқа дайындық курстарынан кейін ол майдан шебіне жіберіледі. 3-ші Украина майданында Маршал Федор Толбухиннің басшылығымен 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 105-ші полкі құрамында кіші сержант атағымен соғысқан. Жеңісті старшина шенінде қарсы алды. Ол Польша, Чехословакия, Югославия, Молдова, Румыния, Венгрия және Болгарияны азат етуге қатысты.

Ерлігі үшін Қызыл жұлдыз және басқа да орден-медальдармен марапатталған. Әскерден 1950 жылы босаған.
Тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде жұбайы Галина Евсеевнамен бірге Қазақстанға келеді. 1963 жылдан бастап Ленин атындағы совхозда тұрып, механизатор, кейін жергілікті мақта тазалау зауытының Өрт сөндіру командасында жұмыс істеді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Жетісай қаласына көшіп келді.

Бүгінде майдангер қызы Надежда Петровнамен бірге тұрады. Үлкен қызы Татьяна отбасымен Новосибирскіде, кіші қызы Наталья Өзбекстанда тұрып жатыр.

Ардагерге мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлінген. Өткен жылы Петр Кузьмичке жаңа тұрғын үйдің кілті берілді. Ал Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу қарсаңында ол Қазақстан Президенті мен Түркістан облысының әкімінен мерекелік құттықтаулар алды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -