Астанада GBWC әйел-көшбасшылар саммиті өтті: негізгі қорытындылар

1298
Фотосурет: Global Businesswomen Council

24 маусым Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Global Businesswomen Council (GBWC) жиыны өтті. Бұл алаң - жаһандық корпорациялар мен ұлттық компанияларды таныстыратын, бизнестегі әйел көшбасшыларды біріктіретін халықаралық платформа. GBWC өзін әлеуметтік және экономикалық маңызды салаларда тұрақты шешімдер әзірлеуге бағытталған стратегиялық диалогқа арналған тиімді алаң ретінде танытып келеді, деп хабарлайды DKnews.kz.

«Біз тұрақтылық тек жаһандық басымдық қана емес, әр адамның жеке жауапкершілігіне айналған кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бүгін, осы залда, әйелдер-көшбасшылардың әлеуметтік инвестицияларға - саналы, жүйелі және ұзақмерзімді үлесі қандай екенін талқылау үшін бас қосып отырмыз. Бүгінгі күн тәртібі - жай ғана баяндамалар жиынтығы емес. Бұл - трансұлттық корпорациялар, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдарда көш бастап жүрген әйелдердің тәжірибесін тыңдай отырып, болашаққа әйелдердің стратегиялық көзқарасы арқылы үңілу мүмкіндігі», - деді GBWC негізін қалаушы Жанна Байдашева.

Іс-шараның басты бөлігі жаһандық экономикалық, әлеуметтік және технологиялық үдерістерге ықпал етіп отырған әлемдік деңгейдегі әйелдер-көшбасшылар қатысқан панельдік сессия болды. Спикерлер қатарында:

  • Одиль Рено-Бассо - Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті (ЕҚДБ);
  • Эмили Муран-Ренуар - Air Liquide тобының вице-президенті;
  • Марине Бабаян - VEON компаниялар тобының үкіметтермен жаһандық өзара іс-қимыл жөніндегі вице-президенті;
  • Кирсти Хелен Уилсон - Baker McKenzie компаниясының жаһандық атқарушы комитетінің мүшесі.

Қатысушылар әлеуметтік инвестициялардың заманауи тәсілдерін, трансформациялық үдерістердегі әйелдердің рөлін және тұрақты даму мақсаттарына жетудегі халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын талқылады.

«Әлеуметтік инвестициялар тек ірі халықаралық жобалармен шектелмейді. Бұл – әрбір ұйым өз деңгейінде не істеп жатқаны туралы мәселе. Компаниялар клиенттермен тек кеңесші ретінде ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілік аясындағы серіктес ретінде де жұмыс істеуі тиіс. Бұл - жергілікті қауымдастықтармен байланыс орнату, мемлекеттік құрылымдармен серіктестік орнату, жастармен жұмыс істеу және жүйелі өзгерістерге қатысу арқылы жүзеге асады. Осындай тәсіл бизнесті оң трансформациялардың бір бөлігіне айналдырады», - деді Кирсти Уилсон, Baker McKenzie жаһандық атқарушы комитетінің мүшесі, сондай-ақ Baker McKenzie International директорлар кеңесі төрағасының орынбасары.
«Біздің мақсатымыз – ең алдымен адамдардың игілігі үшін қызмет ететін кешенді әлеуметтік бастамаларды іске асыру. Әрбір бастама біздің қоғамға жақын болып, әр сәтте маңызды қызметтер ұсынуға бағытталған миссиямызды бейнелейді: шалғай ауылдарды байланыспен қамтамасыз етуден бастап, білім берудегі тең мүмкіндіктерге дейін. Жалпы, әлеуметтік жобаларды тиімді жүзеге асыру үшін үйлестіру аса маңызды», – деп атап өтті Group Corporate Affairs Officer үкіметпен өзара іс-қимыл жөніндегі вице-президенті Марине Бабаян.

Отырыс қорытындысы бойынша білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру және жасанды интеллект сияқты басым бағыттарды дамытуға бағытталған меморандум мен бірқатар екіжақты ынтымақтастық келісімдеріне қол қойылды.

Іс-шара әйелдер-көшбасшылардың инклюзивті және орнықты жаһандық күн тәртібін қалыптастырудағы рөлінің артып келе жатқанын дәлелдеп, бизнес пен мемлекет арасындағы сындарлы диалогтың маңызын айрықша атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -