Женевада өткен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің 144-сессиясы барысында Қазақстан делегациясы біздің елдің Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті бойынша міндеттемелерін орындауы туралы Үшінші кезеңдік баяндаманы ұсынып, қорғады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев халықты әлеуметтік қорғау саласында атқарылып жатқан шаралар туралы хабардар етті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Әділет министрлігінің вице-министрі бастаған қазақстандық делегацияның құрамында сондай-ақ Бас Прокуратураның, Сот әкімшілігінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Сыртқы істер, Денсаулық сақтау, Білім, Ішкі істер, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің және т.б. өкілдері болды.
Үшінші баяндаманың тұсаукесері барысында сессияға қатысушылар Қазақстанның соңғы 5 жылдағы адам құқықтарын қорғау саласындағы негізгі жетістіктерімен және мемлекет дамуының негізгі басымдықтарымен таныстырылды.
Баяндаманы қорғау аясында қазақстандық делегация мүшелері БҰҰ сарапшыларының бірқатар сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметі, барлық салаларда гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және кемсітушілікке жол бермеу, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес және т.б. мәселелер көтерілді.
Асқарбек Ертаев мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбандарына қолдау көрсету, көші-қон саясатын жетілдіру, сондай-ақ жұмыс орнындағы мәжбүрлі еңбек пен жыныстық алымсақтықпен күресу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы халықты әлеуметтік қорғау саласында атқарылып жатқан шаралар жөнінде баяндады.
Басқа елдердің делегациялары Қазақстанның адам құқықтарын қорғау саласындағы заңнамалық, практикалық және басқа да шараларды әзірлеудегі және осы саладағы халықаралық құжаттардың негізгі қағидаттарын іске асырудағы прогрессивті ілгерілеуін атап өтті.