ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті қызметшілерді іссапарға жіберу кезінде заңнаманың сақталуына талдау жүргізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 57-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге Үкімет айқындайтын тәртіппен қызметтік іссапарларға арналған шығыстар өтеледі. Мемлекеттік қызметшілерге және мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілерге іссапарда болған уақытына тәулікақы алуға, межелі жерге жету және кері қайту үшін жүріп-тұру шығыстарына, тұрғын үй-жай жалдау шығыстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кепілдіктер мен құқық қолданылады.
«Алайда, жүргізілген талдау қорытындылары көрсеткендей, мемлекеттік органдар қызметшілердің құқықтарын жүйелі түрде бұзады. Бұзушылықтардың көпшілігі іссапар шығындарын толық емес көлемде өтеумен байланысты, ал кейбір жағдайларда олар бюджет қаражатының болмауына байланысты мүлдем төленбейді» - деп, Департамент басшысы Думан Әбілев мәлімдеді.
Жалпы, жүргізілген талдау нәтижесінде 400-ден астам жағдайда шығыстарды өтеу жүргізілмегені не толық емес көлемде жүргізілгені, қызметшілерге 13 млн. теңгеден астам қаржы төленбегені анықталды.
Департаменттің араласуынан кейін 184 қызметшіге 9 млн.теңгеден астам қаражат төленді. Мемлекеттік органдардың анықталған бұзушылықтарды жою мәселесі Департаменттің бақылауында.
Сондай-ақ негізсіз төлемдер фактілері анықталды. Талдаумен 2 815 610 теңге сомасына белгіленген лимиттерден асатын іссапар шығыстарын төлеудің 119 фактісі анықталды. Қазіргі уақытта 1 млн. 300 мың теңгеден астам қаражат ерікті түрде қайтарылды, қалған соманы қайтару бойынша жұмыс жалғасуда.
Мысалы, Бұланды ауданы әкімі аппаратының қызметшісіне растайтын құжаттар болмаған жағдайда іссапар орнына бару және тұрақты жұмыс орнына қайту бойынша іссапар шығыстары өтелді.
Іссапар шығындары туралы жалған құжаттарды ұсыну фактілері де анықталды. Жекелеген қызметшілер Жолаушылар тасымалы бойынша қызмет көрсету фактісін растайтын құжаттарды ұсынды. Ал, қолда бар мәліметтерге сәйкес, тауар чектерін беру кезіндегі жағдай бойынша жолаушылар тасымалын іске асыратын кәсіпкер өз қызметін тоқтатқан.
Талдау жүргізу барысында қызметшілердің іссапарлары бойынша материалдар «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» ұсынған мәліметтермен салыстырылып, негізсіз төлемдер фактілері анықталды. Осылайша, жұмыс берушінің актілерінде көрсетілген іссапар кезеңіне сәйкес қызметкерлерге іссапар шығындары өтелген 7 факт анықталды, алайда олардың іссапарларда нақты болуы оларда белгіленген мерзімнен аз болды.
Жүргізілген талдау қорытындылары Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды және оның қорытындысы бойынша басшыларға анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде жан-жақты шаралар қабылдау ұсынылды.