Олжас Бектенов Еуразиялық даму банкі кеңесінің төрағасы болып сайланды

1331
Фотосурет: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Еуразиялық даму банкі кеңесінің отырысын өткізді. Ұйымның 2024 жылғы жұмысының қорытындылары және ағымдағы қызметтің өзекті мәселелері қаралды, деп хабарлайды DKnews.kz

ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов 2022-2026 жылдарға арналған стратегияның негізгі көрсеткіштерінің жүзеге асырылуы туралы баяндады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жинақталған инвестициялық портфель $16,5 млрд деңгейіне жетті, инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда $700 млн-ға ұлғайып, $2,4 млрд-ты құрады. Орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізуге қосқан үлесі бар жобалардың үлесі 30%-дан асты, бұл нысаналы көрсеткіштерден 2 есе көп. ЕАДБ техникалық қолдаудың жобалық портфелін айтарлықтай ұлғайтты – 2024 жылы бұл көрсеткіш 76%-ға өсіп, тарихи ең жоғары деңгейге жетті.

Басқарманың жылдық есебіне сәйкес, Банктің Қазақстандағы инвестициялық портфелі $7,2 млрд-қа жетті, оған 116 жоба, оның ішінде ағымдағы $2,9 млрд-қа 43 жоба кірді. Сондай-ақ Армения, Қырғызстан және Тәжікстандағы бастамаларына инвестициялардың өсуі атап өтілді. 2025 жылға ЕАДБ жинақталған портфелінде барлығы 305 жоба бар. 

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша биылға арналған инвестициялар жоспары орындалды – жаңа қол қою көлемі $2,1 млрд-ты құрады. Дайындықтың жоғары сатысында қол қойылған жобалардың әлеуетті көлемі $4 млрд-тан асады.

Айта кету керек, ЕАДБ құру туралы келісімге Өзбекстан Республикасы ресми түрде қосылды. Отырыс барысында Өзбекстанның инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Кудратов Банкпен белсенді өзара іс-қимылға дайын екенін жеткізді. 

Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар шешім, оның ішінде ұйымдастырушылық және қаржылық сипаттағы шешімдер қабылданды. Кеңес мүшелерінің ұсынысы бойынша ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов ЕАДБ Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Төрағаның орынбасары болып ҚР қаржы министрі Мәди Такиев тағайындалды.

Анықтама: Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) — еуразиялық кеңістікте инвестициялық қызметті жүзеге асыратын көпжақты даму банкі. ЕАДБ портфеліндегі негізгі үлесті көлік инфрақұрылымы, цифрлық жүйелер, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және машина жасау салаларындағы интеграциялық әсері бар жобалар алады. Банк өз қызметінде БҰҰ-ның Орнықты даму саласындағы мақсаттарын және ESG қағидаттарын басшылыққа алады. ЕАДБ 2022-2026 стратегиясы шеңберінде: «Орталық Азияның су-энергетикалық кешені», «Еуразияның көлік негізі», «Еуразиялық тауар өткізу желісі» 3 мегажобаны жүзеге асырады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -