Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы Кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова банк туралы заң жобасында ұсынылған банктік құпияны ашу және борышкердің жалғыз баспанасын алып қою нормаларына қатысты пікір білдірді.
— Елена Леонидовна, жаңа заң жобасында банктердің жекелеген борышкерлермен жұмыс істеу тәртібі бойынша қандай нормалар қарастырылған?
— Жеке тұлғалардың берешегін реттеу мәселесіне қатысты елеулі өзгерістер жоқ. Бұрынғыдай, мерзімі өткен берешек коллекторларға берiлуi мүмкiн, бірақ бұл тек қарыз кешіктірілген күннен бастап екі жылдан кейін ғана жүзеге асырылады. Осы кезең ішінде банктер қарызды реттеу рәсімін міндетті түрде жүргізуі тиіс.
Мерзімі өтпеген жағдайда да банктер қарызды коллекторларға өндіріп алу үшін бере алады, бірақ мұндай жағдайда қарыз алушы әлі де банкке борышкер болып қала береді. Ал егер банк коллекторға талап ету құқықтарын толықтай берсе, онда коллектор кредитор мәртебесіне ие болып, берешекті өндіріп алу және реттеу жұмысын өзі жалғастырады.
Сондай-ақ, талап ету құқығын сенімгерлік басқару аясында сервистік компанияларға беру нормасы сақталған. Бұл әдетте берешекті секьюритизациялау (қаржылық құралдарға біріктіру және сату) жағдайында қолданылады. Мұндай пул құрамына енген жеке тұлғаларға қатысты талаптар, егер олар реттелмейтін субъектілерге өтсе, реттеушінің талаптарына сай келетін сервистік компаниялардың басқаруына берілуі тиіс (мысалы, стресс-активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйым немесе коллекторлық агенттік).
— Заң жобасында банктер борышкерді жалғыз тұрғын үйінен шығара алмайды деген норма сақталып отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік жағынан осал борышкер өз үйін банктен жалға алып, кейін оны қайта сатып алуға құқылы. Бұл әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан жақсы қадам сияқты, бірақ банктік сектор үшін ше?
— Иә, бұл норма қазір де қолданыста бар және жаңа жобаға да енгізілген. Мәні мынада: борышын өтей алмаған азаматтың баспанасы банкке өтсе де, банк бұл тұрғын үйді сол борышкерге жалға беруі тиіс.
— Яғни, банк борышкерден үйін тартып ала алмайды, бірақ оны жалға береді әрі сатып алу құқығын қалдырады. Бұл қалыпты жағдай ма? Тұрғын үйді күтіп ұстау, салық төлеу керек. Банктерге бұл қажет пе? Бұл олардың бизнесі ме?
— Бұл мәселе көпқырлы. Бірақ менің пікірімше, бұл – не банк, не азамат үшін тиімсіз механизм. Мұндай әлеуметтік мәселелерді шешу мемлекеттің құзырындағы шаруа болуы керек.
Егер мемлекет әлеуметтік тұрғыда осал әрі төлем қабілеті жоқ азаматты өзіне тиесілі емес үйден шығармай, қорғағысы келсе, онда мұндай үйді банкпен әділетті бағада сатып алатын нақты тетік болуы тиіс. Бұл ретте сатып алушы — «Бәйтерек» холдингі құрамындағы квазимемлекеттік ұйым немесе жергілікті атқарушы органға қарасты салалық ұйым болуы мүмкін.
Одан кейін бұл ұйымдар борышкер мәселесін шешуге кірісуі керек. Яғни, оған әлеуметтік жалдамалы пәтер ұсыну, бұрынғы немесе жаңа баспана сатып алуға жеңілдетілген несие беру, жұмысқа орналастыру, атаулы әлеуметтік көмек көрсету сынды қолдау шараларын әлеуметтік қорғау органдарымен бірлесе атқаруы қажет.
Мемлекетте әлеуметтік осал азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешуге арналған нақты құралдар жеткілікті. Бұл мақсатқа жыл сайын қомақты бюджет қаражаты бөлінеді. Өкінішке қарай, банктер туралы жаңа заң жобасы арқылы осындай сәйкессіздіктер жойылады деген үміт болғанымен, онда бұрынғыдай нарыққа сай келмейтін, тиімсіз нормалар сақталып отыр.
— Қазіргі кезде нарықтық ипотеканы дамыту бастамалары ұсынылуда. Мұндай жағдайда борышкердің мүлкін сату мәселесі өзекті бола ма?
— Иә, борышкердің мүлкін сату мәселесі қазірдің өзінде өте өзекті. Қазіргі қолданыстағы заңнамалық шектеулерге сүйенсек, тұрғын үйді өтімді актив деп санау қиын.
— Сіздің ойыңызша, нарықтық ипотека дамуы үшін қандай перспектива бар?
— Егер инфляция Ұлттық банктің 5 пайыздық таргетіне жетсе немесе соған жақындаса, онда нарықтық ипотека мүмкін болмақ. Қазіргі пайыздық мөлшерлемелер жағдайында бұл сегмент тоқырап тұр. Бірақ ипотеканы дамыту үшін тек ресурс құнын төмендету жеткіліксіз.
Ол үшін борыштық капитал нарығын қайта жандандыру керек. Сонымен қатар, ипотекалық кредиттер пулын секьюритизациялау және оларды инвесторларға сату бағдарламалары қажет. Бұл бір ресурсты бірнеше рет пайдаланып, жаңа ипотекаларды беруге мүмкіндік береді. Қарыз алушы үшін бәрі бұрынғыша қалады, ал банк ипотекалық пулды сатып, қайтарылған қаржы есебінен кредит көлемін бірнеше есе арттыра алады.
Бірақ мұндай механизм тек дамыған борыштық капитал нарығы жағдайында тиімді жұмыс істейді. Яғни, қайталама нарықта облигациялармен тұрақты сауда жүріп, құралдардың әділетті бағасы мен капитал тарту құны айқындалады. Бұл – күрделі мәселе және оны шешу үшін реттеуші органдар мен Үкімет тарапынан жан-жақты шаралар қажет. Атап айтқанда, бизнесті мемлекеттік қаржылық қолдау форматын қайта қарастыру керек.
Катерина Малама суреті
— Банктік құпия жайында сөз қозғайық. Сіз банктер тарапынан мемлекеттік органдарға берілетін ақпарат көлемі тым көп, бұл банк секторына кері әсер етеді деп едіңіз. Жеке мәліметтерді ашуға шектеу – ең алдымен, клиенттерге тиімсіз. Депозиттер шетелдік банктерге, криптовалютаға немесе алтынға ауыса ма деген қауіп бар ма?
— Бұл мәселеде апокалипсис сызудың қажеті жоқ. Банктік құпияға қолжетімділік бүгінде де бар және ол бірнеше заңмен реттеледі. Біз заң жобасын сынай отырып, ақпаратты ашу тек банктер туралы заңның айрықша құзыретінде және басымдығында болуы тиіс екенін айтып отырмыз.
Яғни, банктік құпияға қол жеткізу ережелері тек жаңа заң жобасының 69-бабында нақты жазылуы қажет, басқа заңдарда емес. Бұл – Ұлттық банк те қолдайтын бірінші мәселе. Келесі кезең – кімге, не үшін, қандай негізде және қандай көлемде рұқсат берілуі керектігі жөнінде ашық талқылау болуы тиіс.
Екінші мәселе – алынған мәліметтерді мемлекеттік органдар арасында тарату. Мемлекеттік органдар өз өкілеттігі аясында ғана, заңда нақты көрсетілген тәртіппен, шектеулер мен жауапкершілікті ескере отырып, ақпаратты өздері пайдаланып, оны басқа органға бермеуі тиіс.
Өкінішке қарай, бүгінде мұндай тәжірибе кең тараған. Мысалы, Ұлттық банк белгілі бір мақсатта банктік құпияны қамтитын ақпаратты алып, оны жарияламауға жауапты болады. Алайда кейін түрлі сұрау негізінде сол ақпарат әртүрлі мемлекеттік органдар арасында тарайды. Бұл кезде заң талаптарының сақталуын және жауапты тұлғаны анықтау өте қиынға соғады.
Цифрландыру дәуірінде деректер базасын біріктіру сәнге айналды. Бірақ бұл қадамның салдарын, әсіресе жеке деректер мен банктік құпияны сақтау мен қорғау жағынан, жиі естен шығарады. Өкінішке қарай, бұл туралы ақпарат рұқсатсыз тарап кеткен кезде ғана ойланады, ал кінәліні табу қиынға соғады.
— Әдетте банктерге бірінші болып сұрау салатын – салық органдары. Олар салық төлеуден жалтарғандарды анықтайды ғой...
— Бірінші кезекте мынаны атап өткім келеді: салықтық құпия да Салық кодексімен қорғалған. Бұл ақпаратты салық органдары да оңайлықпен ашпайды, дегенмен кей жағдайда банктерде ол мәліметтер болуы тиіс. Сол сияқты, салық органдары да банктік құпияға қатысты мәліметтерге қол жеткізе алады.
Маңыздысы – мұндай құзыретті асыра пайдаланбау. Ақпаратты ашу жағымсыз салдарға әкеп соқпауы керек. Азаматтарды артық мазаламас үшін салықтық декларацияға қажет деректердің басым бөлігі тиісті дерекқорлардан азаматтардың келісімінсіз алынады. Бұл – азаматтардың шоттарындағы қалдықтар мен қозғалыстарға тікелей қатысты.
Жуырда фискалдық органдар барлық банктерге екі миллион клиентке қатысты деректерді – шоттар қалдығы мен қозғалысын көрсету туралы сұрау салды. Формалды түрде мұндай құқығы бар секілді. Бірақ қарапайым логикамен қарасақ, бұл көлемдегі сезімтал ақпаратты жинау мен сақтау қауіпсіз әрі тиімді шешім емес.
Егер заңға бағынып жүрген азаматтардың мүддесін бірінші орынға қойсақ, артық ақпаратты ашу қаупін азайтып, сонымен қатар мемлекеттік органдарға өз міндеттерін тиімді атқаруға мүмкіндік беретін шешімдер табуға болады.