Астанада Ішкі істер министрлігі жариялаған «Полиция заң мен тәртіп күзетінде» құқықбұзушылықтардың алдын алу жылы аясында «Ішімдіксіз күн» акциясы өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Шараны елордалық полицейлер мүдделі мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен және еріктілермен бірлесе ұйымдастырды. Акцияға жастар, мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері мен белсенділер қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараның мақсаты – қоғам назарын алкогольді шектен тыс тұтыну мәселесіне аудару, салауатты өмір салтын насихаттау, ішкі істер органдарына деген қоғамдық сенімді нығайту және азаматтардың құқықтық санасын арттыру.
Акция барысында қатысушылар халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, тақырыптық парақшалар таратты, флешмобтар мен алкогольдің зияны және тәуелділіктің алдын алу туралы дәрістер ұйымдастырды. Акция қоғам мен мемлекеттік құрылымдар тарапынан кең қолдау тапты.
Құқық қорғау органдары бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Ішкі істер органдары тұрғындарды белсенді азаматтық ұстаным танытып, салауатты және ішімдіксіз өмір салтын ұстануға шақырады.