Алматыда әуежайдың ішкі рейстерге арналған терминалы жаңғыртылуда

1331
Фотосурет: Gov

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды TAV Airports компаниясының басқарма төрағасы Серкан Каптанмен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында Алматы халықаралық әуежайын жаңғыртуға қатысты негізгі түйткілдер талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бүгінде Алматы халықаралық әуежайы жылына 11 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетіп, Қазақстандағы әуе тасымалының 70 пайызынан астамын қамтамасыз етіп отыр. Тараптар ішкі терминалды қайта жаңарту, ұшу-қону жолағын жаңғырту, инженерлік және жерүсті инфрақұрылымды жаңарту жоспарын қарастырды.

Дархан Сатыбалды әуежайдағы авиациялық қызметтердің сапасын арттыру, көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету және халықаралық стандартты енгізу мақсатында инвесторлармен тығыз жұмыс жүргізудің маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде Серкан Каптан инвестициялық бастамаларға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, әуежайдың 2050 жылға дейінгі даму бас жоспарын іске асыруға дайын екенін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша Алматы әкімі инвестор ұсынған ішкі терминалдың дизайн-жобасын жан-жақты қарастыруды, оны қайта жаңғырту жұмыстарына қолдау көрсетуді, әуежайға баратын жолдардың сапасын арттыруды және болашақ метрополитен желісін әуежай көлік жүйесіне біріктіру жайын пысықтауды тапсырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -