Қазақстанда БАҚ қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы жалғасуда

1298
Фотосурет: Gov

Журналистердің кәсіби мерекесіне орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан БАҚ саласының бірқатар қызметкерлеріне пәтер сертификаттары табысталды, деп хабарлайды DKnews.kz.

«Dara» Президенттік бастамалар қорының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада масс-медиа саласының қызметкерлеріне пәтер сертификаттарын Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай және «Dara» қорының жетекшісі Мұхамедқали Тауан салтанатты түрде табыс етті.

Салтанатты рәсім барысында Руслан Желдібай бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтап, Мемлекет басшысының медиа саласына көрсетіп отырған қолдауын атап өтті:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл үшінші жыл қатарынан журналистерге пәтер беру шарасы ұйымдастырылып отыр. Бұл – Президенттің отандық медиа қызметкерлеріне деген үлкен қолдауы. Биыл пәтерлер тек журналистерге ғана емес, режиссерлерге, операторларға, корректорларға және отандық медианың өзге де мамандарына беріледі. Сонымен қатар біз әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аудардық: пәтер иелерінің қатарында көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар да бар. Әріптестеріміздің жетістіктеріне қуаныштымыз. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!», – деді Руслан Желдібай.

Пәтер сертификаттарына «Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясы, «Хабар» Агенттігі» АҚ, «Qazcontent» АҚ, «Қазақ газеттері» ЖШС, «ЕВРАЗИЯ+ОРТ» ЖШС, «Atameken Business» медиахолдингі, Tengrinews және басқа да медиа ұйымдардың қызметкерлері ие болды.

Мүлікті өтеусіз беру шартымен 2023 жылы мемлекеттік бес БАҚ-тың 65 қызметкері пәтер алған болатын. 2024 жылы түрлі медиа құрылымдарда еңбек ететін 68 қызметкерге баспана берілді. Ал биыл ұлттық медиа кеңістіктің дамуына үлес қосып жүрген журналистер мен техникалық мамандарды қолдау мақсатындағы дәстүрі бойынша медиа саласының 66 өкілі жаңа пәтерге ие болды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -