Степногорск қаласында негізгі жылу трассасының реконструкциясы басталды

1859
Фотосурет: Gov

2025 жылғы 28 маусымда ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жұмыс сапарымен Степногорск қаласына барды.

Іссапардың мақсаты – өңірдің 2025-2026 жылдарға арналған энергетика кешені мен жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен танысу, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сапар барысында министр Ақмола облысы әкімдігі өкілдерімен бірге Степногорск жылу электр орталығын (ЖЭО) аралап көрді. Сондай-ақ №2 және №5 қазандық агрегаттарындағы жөндеу жұмыстарының барысын бақылап, турбиналық жабдықтарды жаңғырту және салқындату мұнараларында жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылады.

Іссапар барысында қаласының энергетикалық жүйесін жаңғырту мәселелері де талқыланды. Жергілікті әкімдік пен кәсіпорын басшылары жүзеге асырып жатқан жобалардың қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Бұған дейін атқарылған шаралардың алғашқы нәтижелері байқала бастағаны да айтылды. Мәселен, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 81%-дан 75%-ға дейін төмендеген.

Жылу маусымында тұрғындарды жылумен қамтудың тұрақтылығы мен сапасын арттыру жоспары екі деңгейден тұрады. Қысқамерзімді кезеңде қатты тозған 6,3 шақырым жылу магистралін Үкімет резерві есебінен жөндеу көзделіп отыр. Ал Ұлттық жоспар аясында жалпы ұзындығы 9,5 шақырым болатын негізгі «ЖЭО–Қала» жылу трассасын толықтай қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Бұдан бөлек, жеке инвестор мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында станцияны жаңғыртуға арналған өз бағдарламасын іске асыруда. Бұл бағдарлама аясында екі негізгі қазандық агрегаты – №2 (1966 ж.) және №5 (1973 ж.) күрделі жөндеуден өтіп, барлық турбиналық және қосалқы жабдықтар жаңартылатын болады.

«Тұрақты жылумен қамту – халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Алдағы жылыту маусымын апатсыз өткізу – басты мақсат. Бірақ біз тек осы маусыммен шектелмей, болашақты да ескеруіміз керек. Жабдықтарды жаңарту, станцияны жаңғырту және тиімділікті арттыру – бұл өңірдің болашағына салынатын маңызды инвестиция» Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов

Кездесу соңында министр жергілікті атқарушы органдар мен ЖЭО басшылығына барлық жөндеу жұмыстарының уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, жауапты тұлғалардың жылу маусымына дайындыққа қатысты жеке жауапкершілігі қатаң ескерілетінін еске салды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -