Алматыда корей мәдениеті мен сауда апталығы өтті: концерттер, көрмелер және B2B-кездесулер

1694
Фотосурет: Korean Cultural Center

Алматыда 10 000-нан астам адам қатысқан «Korea–Kazakhstan Culture & Trade Week» апталығы сәтті аяқталды, деп хабарлайды DKnews.kz.

​​​​​​​26-28 маусым күндері Алматыда қаласында Қазақстандағы Корея Республикасының Елшілігінің Корей мәдени орталығы мен Алматы қаласы әкімдігі «Korea–Kazakhstan Culture & Trade Week» атты мәдени және экономикалық ынтымақтастық апталығын өткізді. Іс-шара Республика сарайы мен қаланың бірқатар маңызды орындарында ұйымдастырылды.

Апталық барысында шамамен 7 500 адам концерттер мен көрмелерді тамашалады, ал 2 500-ға жуық адам экспортқа бағытталған B2B кездесулерге және өнімдер ұсынылған B2C аймақтарға қатысты. Бұл шара алматылықтардың корей мәдениеті мен өнімдеріне деген үлкен қызығушылығын көрсетті.

Шараны ұйымдастыруға 12 мемлекеттік және жекеменшік ұйым атсалысты. Негізгі ұйымдастырушылар — Қазақстандағы Корея Республикасының Елшілігінің Корей мәдени орталығы мен Алматы қаласы әкімдігі.

Бас демеушілер — LG Electronics Kazakhstan және Shinhan Bank Kazakhstan. Серіктестердің қатарында Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы, Корея Республикасының Бас консулдығы жанындағы Сауда бөлімінің өкілдігі (KOTRA), Корея туризм ұйымының Алматыдағы өкілдігі (KTO), Мәскеудегі Корея Республикасының ауыл шаруашылығы, балық және азық-түлік өнімдерін сату корпорациясы (aT), Корея Республикасы Елшілігі жанындағы Білім беру орталығы, Алматы әуендері ұжымы, Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры және Алматы корей ұлттық орталығы бар.

Бұл ұйымдардың барлығы іс-шараның сәтті өтуіне және екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай үлес қосты.

Корея мен Қазақстан арасындағы мәдени-экономикалық ықпалдастықтың бірегей алаңы

Алматы қаласының символдық сахнасы – Республика сарайында үш күн бойы екі елдің мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің қатысуымен мәдени іс-шаралар сәтті өтті. 26 маусым күні апталықтың ашылуы ретінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен келген би топтары қатысқан «Central Asia K-pop Cover Dance Champion» сайысы өткізілді. Би топтарының жарқын өнер көрсетулері мәдени алмасу апталығын бастады.

27 маусым күні Кореяның азаттық алғанына 80 жыл және қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған концерт өтті. Республикалық мемлекеттік академиялық корей театрының әртістері корей халқының жапон отаршылығынан бастап мәжбүрлі көші-қон мен азаттыққа дейінгі тарихи жолын би, халық әні және театр өнері арқылы бейнеледі. Ал Mezzo тобы мен Алматы әуендері әртістері Абайдың өмірі мен философиясын музыкалық-драмалық қойылым арқылы көрсетіп, Қазақстанның ұлттық рухын дәріптеді.

28 маусым күні «One Beat: K-pop & Q-pop» бағдарламасы апталықтың қорытынды шарасы болды. Сахнада кореялық TNX K-pop тобы мен қазақстандық ACE (Q-pop) әртісі өнер көрсетті. Концерт екі елдің заманауи мәдениетінің тоғысуы мен үндестігін көрсетіп, көрермендер тарапынан үлкен қолдау тапты.

Республика сарайының фойесінде KOTRA кореялық косметика мен тұтыну тауарларының көрмесін ұйымдастырды. KTO ханбок киіп көру аймағын, фотоаймақтарды және туристік өнімдердің таныстырылымын ұсынды. Олардың қатарында Порёндегі балшық фестивалі мен серфинг сабақтары сияқты бағыттар да бар.

Қазақстанда жұмыс істейтін корей компаниялары да белсенді қатысты. LG Electronics Kazakhstan тұрмыстық техника өнімдерін (теледидарлар, тоңазытқыштар, кір жуғыш машиналар, сымсыз шаңсорғыштар, X-BOOM аудиожүйелері) көрсеткен жарнамалық аймақ ұйымдастырып, концерт көрермендері арасында лотерея өткізді. Сондай-ақ 27 маусым күні «LG қолдауымен K-pop Random Play Dance» флешмобы өтті. Shinhan Bank Kazakhstan өз стенді арқылы шот ашу, несие, мобильді банкинг және өзге де қаржылық қызметтер бойынша кеңес беріп, брендтік фотозоналар құрды. Ал aT корей тағамдары ұсынылған аймақты ұйымдастырып, онда Roblox платформасы арқылы виртуалды аспаздық тәжірибе көрсетілді. Сондай-ақ қонақтарға жаз мезгілінде сергітетін «юджа» салқын шайы дәмін татуға ұсынылды.

B2B: жалпы сомасы 14 300 000 АҚШ долларын құрайтын бизнес нәтижелер

27–28 маусым күндері Rixos Almaty қонақүйінде кореялық компаниялардың Қазақстан нарығына шығуын қолдау мақсатында B2B форматындағы кездесулер өтті. Кездесулерге азық-түлік, косметика және тұтыну тауарлары секторында жұмыс істейтін Кореяның 90 компаниясы (оффлайн және онлайн форматта) қатысты. Жалпы саны 451 экспорттық кеңес өткізілді. Кеңестер нәтижесінде 18 іскерлік ынтымақтастық келісімі жасалып, жалпы сомасы 2 000 000 АҚШ долларын құрайтын келісімшарттар жасалды. Бұл – нақты бизнес нәтижелерге алып келген шара болды..

28 маусым күні Mega Alma-Ata сауда орталығында B2C форматындағы көрме ұйымдастырылып, кореялық косметика, сән және басқа да өнімдер көпшілік назарына ұсынылды.

Қонақтар өнімдермен жақынырақ танысып, көрсетілген өнімдерді сынап көрді. Бұл корей тауарларының қазақстандық нарықта жоғары сұранысқа ие екенін тағы да дәлелдеді.

Қазақстандағы Корея Республикасы Елшілігінің Корей мәдени орталығының директоры Ку Бон Чхоль: «Бұл мәдени алмасу апталығы – Корея мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстарды және экономикалық әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды оқиға болды. Алдағы уақытта да екі елдің мемлекеттік және жекеменшік мекемелерінің ынтымақтастығын кеңейтуге ниеттіміз», – деп атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -