Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесу барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық пен өңірлік жағдай және оның Ұйымға мүше мемлекеттерінің қауіпсіздігіне әсері туралы пікір алмасты.
М.Нұртілеу отырысқа қатысушыларды ҰҚШҰ форматындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымы мен көзқарасы туралы хабардар етіп, Ұйымның одан әрі жан-жақты дамуына бағытталған бірқатар ұсыныстар айтты.
Кездесуге қатысушылар ҰҚШҰ-ның ТМД мен ШЫҰ-мен көпжоспарлы ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады.
Отырыс қорытындысы бойынша терроризм мен экстремизмге әкелетін радикалдануға қарсы іс-қимыл туралы, халықаралық ақпараттық қауіпсіздік туралы,Таяу Шығыстағы ахуал туралы, сондай-ақ Алматыда орналасқан Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығы туралы бірлескен мәлімдемелер қабылданды.
Қырғыз Республикасының ҰҚШҰ-дағы төрағалығын ескере отырып, СІМК келесі отырысы Бішкекте 2025 жылдың төртінші тоқсанында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы қарсаңында өтеді.
Іс-шара бағдарламасы аясында М.Нұртілеу СІМК қатысушыларының Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен ұжымдық кездесуіне қатысты.
Сұхбат барысында қазақ дипломаты Қазақстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасы екі ел көшбасшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында жыл сайын нығайып, бүгінде сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Ол сондай-ақ ағымдағы жылы ҰҚШҰ-дағы Қырғыз Республикасының басымдықтарының өзектілігіне назар аударды.