2025 жылғы 24 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сонымен бірге көрсетілген Заңда адамдар жаппай жиналатын объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін өрттен жүктелген сақтандыру енгізіледі.
Аумағы 2 000 шаршы метрден асатын сауда кәсіпорындары мен ойын-сауық орталықтары сияқты объектілердің иелері өздерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасуға міндетті болады. Объектілердің толық тізбесін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі айқындайды.
Сақтандыру объектідегі өрт салдарынан зардап шеккен келушілердің, жалға алушылардың және өзге де адамдардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне зиян келтіргені үшін жауапкершілікті өтейтін болады. Бұл ретте жауапкершілікті сақтандыру шарты болмаған кезде мұндай объектілердің қызметіне жол берілмейді.
Нысанның иесінде осындай объектідегі өрттің салдарынан зардап шеккен адамдардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген зиянды өтеу міндетінің туындауы сақтандыру жағдайы деп танылады, бұл ретте сақтандыру жағдайының басталу фактісі тараптардың келісімімен не соттың шешімімен сақтандырудың үлгілік шартының талаптарына сәйкес айқындалады.
Сақтандыру сомасы сақтандыру шартында белгіленеді және кемінде 75 мың АЕК (295 млн теңге) болуға тиіс. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін сақтандырушы айқындайды және ол сақтандыру шартында белгіленеді.
Бір жәбірленушінің мүлкіне залал келтіргені үшін сақтандыру төлемінің мөлшері келтірілген зиян мөлшеріндегі соманы құрайды, бірақ 1,5 мың АЕК (5,9 млн теңге) аспайды.
Әрбір жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін сақтандыру төлемінің мөлшері:
- қайтыс болған жағдайда – 5 мың АЕК (19,7 млн теңге);
- мүгедектік белгілеу:
- I топ – 4 мың АЕК (15,7 млн теңге);
- II топ – 3 мың АЕК (11,8 млн теңге);
- III топ – 1,5 мың АЕК (5,9 млн теңге);
- балаға – 3 мың АЕК (11,8 млн теңге);
- мүгедектік белгіленбей мертігу, жарақат алу немесе денсаулықтың өзге де зақымдануы – амбулаториялық және (немесе) стационарлық емдеуге жұмсалатын нақты шығыстар мөлшерінде, бірақ 750 АЕК-тен (2,9 млн теңге) аспайтын мөлшерде.
Сақтандыру шарты үлгілік сақтандыру шарты негізінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тиісті лицензиясы бар жалпы сақтандыру жөніндегі кез келген 15 сақтандыру ұйымымен жасалуы мүмкін.