Nazarbayev University инженерия, ғылым және медицина бағыттары бойынша докторантураны кеңейтуде

2827

Nazarbayev University 15 жылдық мерейтойына орай PhD гранттарының санын көбейтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

15 жылдығына орай Nazarbayev University (NU) PhD докторантура бағдарламаларына 200 толық стипендия тағайындайды. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге жуық.  Осылайша, университет Орталық Азия аймағын дамыту үшін ғылыми кадрларды дайындауға өз үлесін қосуда.

Университет барлық ғылыми бағыттар бойынша докторантура бағдарламаларына қосымша гранттар бөледі. Алайда ерекше назар физика, компьютерлік ғылымдар, инженерия және медицина сияқты негізгі салаларда докторанттар санын арттыруға аударылуда.

«Орталық Азиядағы жетекші ғылыми-зерттеу университеті ретінде NU сапалы PhD түлектерін дайындау бойынша мықты беделге ие болды. Біз әлемдік деңгейдегі оқытушылар құрамына және заманауи ғылыми инфрақұрылымға иеміз. Осы себепті біз дарынды және талапты студенттерге өздерінің академиялық әлеуетін толық жүзеге асыруға қажетті жағдайды ұсына аламыз. PhD гранттарының санын екі есе арттыру — ұлттық және өңірлік өзекті мәселелерді шешуге бағытталған озық ғылыми зерттеулерді дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттыруға деген біздің бейілділігімізді көрсетеді» NU президенті, профессор Вакар Ахмад

Бұл шешім университеттің әлемдік академиялық қоғамдастықта өз ұстанымын нығайту және Қазақстан мен жалпы аймақ үшін зерттеушілердің жаңа буынын дайындау жөніндегі стратегиялық мақсатын көрсетеді. Қосымша қаржыландыруды Университет пен NU жанындағы Әлеуметтік даму қоры (NU Impact Foundation) қамтамасыз етеді.

«NU-да 1000-нан астам PhD докторанттары мен кәсіби докторлық бағдарламалардың тыңдаушылары білім алуы үшін бар күшімізді саламыз. Осы мақсатта алдағы жылдары біз докторантура бағдарламаларына қабылдауды ұлғайтуға қаржылық қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Сондай-ақ студенттерге орталықтандырылған қолдау көрсетуге, менторлық жүйені күшейтуге және докторлық бағдарламалар санын  кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа академиялық құрылым — Докторантура институтын ашамыз. Сонымен қатар, Институт пәнаралық зерттеулерді дамытуға және жас ғалымдарды халықаралық ғылыми қауымдастыққа интеграциялауға ықпал ететін болады» Доктор Луис Р. Рохас-Солорсано, NU-дің жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламалары бойынша қауымдастырылған провосы

Бүгінде NU Times Higher Education беделді рейтингі бойынша Орталық Азиядағы ең үздік ғылыми-зерттеу университеті ретінде танылып, жаһандық жас университеттер рейтингінде 106-орында. Ол жоғары академиялық стандарттарды сақтай отырып, Қазақстанда және одан тыс жерлерде ғылым, білім және адами капиталдың дамуына өз ықпалын күшейтуді жалғастыруда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -