ҚР Туризм және спорт министрлігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды DKnews.kz.
арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Тараптар бұқаралық спортты қолжетімді ету, саламатты өмір салтын насихаттау және өңірлер мен ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыру жөнінде келісімге келді.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қоғамдық қордың әлеуметтік жобаларды іске асырудағы белсенділігін атап өтіп, мемлекет, қоғамдық ұйымдар мен меценаттардың бірлесе атқаратын жұмысы әлеуметтік саясатты нығайтудың маңызды тетігі екенін жеткізді. Аталған меморандум ел азаматтарының игілігі үшін кешенді әрі тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
«Спорт пен туризмді дамыту – жүйелі тәсілді қажет ететін негізгі міндет. Салаларда тұрақты дамуы үшін тиісті инфрақұрылым қажет. Министрлік жоғары жетістіктер спортын және бұқаралық спортты дамытуға, сондай-ақ туризм саласын ілгерілетуге жауапты. Бүгінгі меморандум нақты халықтың қажеттіліктеріне негізделген бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады» Ербол Мырзабосынов
Іс-шара барысында Мемлекет басшысының спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында құрылған «Қазақстан халқына» қоры бүгінге дейін дене шынықтыру және спорт саласында жалпы сомасы 12,5 миллиард теңгені құрайтын 16 қайырымдылық бағдарлама мен жобаны жүзеге асырды. Қор негізінен ауылдық жерлерге баса назар аударып келеді. Жүйелі бастамалар қатарында еліміздің 12 өңірінде ангар үлгісінде жыл бойы жұмыс істейтін 23 модульді спорт залының құрылысы бар. Қазіргі таңда олардың 10-ы пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Батыр боламын» қорымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «100 ауылдық спорт залы» жобасы 25 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамтыды. Жыл соңына дейін тағы 100 спорт залының ашылуы жоспарланып отыр.
Қор параспорт, шаңғы спорты және бейімделген дене шынықтыру бағытында да бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін 11 дене шынықтыру-сауықтыру клубы ашылды. Осы бағыттағы айрықша маңызға ие нысандардың бірі – Қызылорда қаласында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Қордың басты қағидаты – мемлекеттің жұмысын қайталамау, керісінше, Туризм және спорт министрлігімен бірлесе отырып, күш біріктіру арқылы мемлекеттік бастамаларды толықтыру.
«Біз үшін Меморандум – күш-жігерімізді үйлестіруге, кәсіби сараптама алуға және жүйелі әріптестікті жолға қоюға арналған маңызды құжат. Бұл жастарды қолдауға және өңірлерді дамытуға бағытталған тиімді әрі тұрақты қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді» «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева
Жалпы республика бойынша 90 жабық спорт нысанының құрылысы аяқталған. Соның 61-і ауылдық жерлерде орналасқан. Сонымен қатар Астанада Қ.Мұңайтпасов атындағы стадион, Алматы облысы Кеген ауданы Жалағаш ауылында спорт кешені және Көкшетау қаласында көпсалалы кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Қор мәліметінше, жыл соңына дейін тағы 10 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Кездесу барысында балаларды қолжетімді спорт инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы екі жылда еліміздің әрбір ауданы мен ауылында балаларға арналған футбол алаңдары салынуға тиіс. Қазіргі таңда министрлік осы бағыттағы іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. Ал жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, бүгінде Қазақстанда 6 926 балалар футбол алаңы жұмыс істеп тұр. Бұған қосымша тағы 1 489 алаң салу қажет.
Тараптар ашық ақпарат алмасу, бірлескен іс-шаралар өткізу және келісілген қолдау тетіктері негізінде өзара іс-қимылды жолға қоюға ниетті. Меморандумның қолданыс мерзімі 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.