Стартаптарға арналған Sales Bootcamp — Astana Hub ұсынған 8 апталық қарқынды бағдарламаға өтінім қабылдау 13 шілдеге дейін жалғасады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Sales Bootcamp — нарыққа шыққан, енді табысын бірнеше есе арттырғысы келетін командаларға арналған практикалық бағдарлама. Бағдарлама жеке трекермен жұмыс, автоматтандыру құралдарын меңгеру және нақты кейстер негізінде оқытуды біріктіретін қарқынды практикум болып табылады. Әр қатысушы жобаларды масштабтау тәжірибесі бар маман-трекермен жұмыс істейді. Трекер сату воронкасын құруға, әлсіз тұстарды анықтауға, келісім циклін оңтайландыруға және цифрлық құралдарды енгізуге көмектеседі.
Сабақтар мастермайнд, практикум және супервизия форматында өтеді. Спикерлер қатарында Орталық Азия мен халықаралық нарықтардан келген кәсіпкерлер мен сала мамандары бар.
«Қатысушылар тиімді скрипттер, хаттар мен хабарламалардың шаблондарын меңгереді, келіссөз жүргізу, клиенттерді ұстап қалу дағдыларын дамытады. Бағдарлама B2B және B2C модельдеріне арнап екі бағытқа бөлінген, бұл әдісті мақсатты аудитория мен өнім ерекшелігіне бейімдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қатысушыларға заңдық және қаржылық мәселелер бойынша жеке консультациялар да ұсынылады» Astana Hub бизнес бағдарламалар офисінің директоры Ербол Ахметов
Өткен жылы 40 стартап жоба бағдарламаны сәтті аяқтаған. Нәтижесінде қатысушылар 96 миллион теңгеден астам сомаға сатылым жасап, 18 миллион теңгеден аса таза пайда тапты. Бағдарлама аясында 18 жаңа жұмыс орны құрылып, 11 стартап халықаралық нарыққа шықты. Бағдарлама туралы толық ақпаратпен танысып, өтінім беру үшін сілтеме бойынша өтіңіз.