Мәжіліс депутаты Ұлттық ұланның әскери бөліміне жұмыс сапарымен барды

1727
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков жеке құраммен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Халық қалаулысы әскери бөлімге жасаған сапары барысында бригада командирінің міндетін уақытша атқарушы полковник Құрмет Зариповпен бірге бөлімнің инфрақұрылымын, оқу-жаттығу базасын және әскери қызметшілерге жасалған тұрмыстық жағдайларды аралап көрді. Сонымен қатар, казарма мен асхананың санитарлық жай-күйі мен жауынгерлердің тамақтану сапасына назар аударылды.

Сапардың басты мақсаты – жеке құраммен ашық пікір алмасу болды. Кездесу барысында сарбаздар мен офицерлер өз ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салып, оқу-жаттығу базасын жаңғырту, әскери қалашықтағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту және кадр даярлау жүйесін жетілдіру жөнінде пікірлерін білдірді.

Олжас Құспеков көтерілген мәселелерді мұқият тыңдап, әскери қызметшілердің пікірін жоғары бағалайтынын атап өтті.

- Сіздер - ел тірегі, Тәуелсіздіктің қорғанысыздар. Әскери қызмет – зор жауапкершілік. Сондықтан сапалы оқу мен қызметке жағдай жасау – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл – ел қауіпсіздігінің кепілі, – деді депутат.

Кездесу қорытындысы бойынша бөлімді одан әрі дамытуға қатысты нақты ұсыныстар әзірлеу туралы шешім қабылданды. Халық қалаулысы сарбаздарға сәттілік пен Отанға адал қызмет тіледі.

Мұндай кездесулер мемлекет пен әскер арасындағы байланысты нығайтып, жауынгерлердің рухын көтеріп, қоғам сенімін арттыра түседі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -