Павлодарда сарбаздар жолаушыларды тасымалдап жүрген автобустарда күйлер шырқалып, жолаушыларға ерекше сезім сыйлады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ұлттық домбыра күніне орай жүзеге асқан шараны Ұлттық ұлан жауынгерлері ұйымдастырды.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Айбол Болсынұлы орындаған музыкалық шығармалалар автобус ішіне жарасымдылық сыйлады. Қоғамдық көлікке мінгендер сарбаздың тартымды өнеріне риза болып, жылы лебіздерін жолдады.
- Күтпеген оқиға болды. Әскери қызметші домбырада ойнап баршамызды қуантты. ««Адай», «Балбырауын» күйлері баршамызды баурап алғандай. Бәріміз сарбаздың күмбірлеген домбырасы тоқтап қалмаса екен, қошемет танытып отырдық, - дейді қала тұрғыны Анар Садвакасова.
Автобусты домбыраның күмбіріне бөлеген сарбаз бала кезінен домбыра аспабында ойнаған. Халықаралық музыкалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Атаулы мерекенің Айбол үшін маңызы бөлек. Еске салайық, әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтейтін сарбаздар бір жыл көлемінде Павлодар қаласындағы түзеу мекемелерін күзететін жауынгерлік қызметті атқаратын болады.