Jibek Joly 5.0 мәдени-туристік жобасының жаңа маусымы 19 қыркүйекте басталады.
Бесінші рет ұйымдастырылғалы отырған тур Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды қалаларды қамтиды. Атап айтқанда, маршрут Алматыдан басталып, Түркістан, Отырар, Самарқан, Бұқара және Ташкент қалаларын жалғайды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жоба ҚР Туризм және спорт министрлігі, отандық туроператорлар, тиісті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірлесе жүзеге асырылып жатыр. Негізгі мақсат – өңіраралық туристік ынтымақтастықты нығайту және Орталық Азияның мәдени мұрасын кеңінен насихаттау.
Бағдарламаға жайлы теміржол көлігімен саяхат, экскурсиялар, шеберлік сабақтары, шығыс дәстүрлерімен танысу, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысандарды аралау кіреді. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Самарқан мен Бұқараның тарихи кешендері, ежелгі Отырар қаласы бар. Бұған қоса, ерекше гастрономиялық және қолөнер орталықтары да бағдарламаға енгізілген. Әр қалада кәсіби гидтердің сүйемелдеуімен театрландырылған қойылымдар, фольклорлық концерттер және интерактив форматындағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Жоба іске асырылғалы бері турды отандық және шетелдік 700-ге жуық турист тур сатып алған.
Саяхат төрт орынды купелермен, душ кабинасымен және ұзақ сапарға қажетті барлық жағдаймен жабдықталған Jibek Joly пойыздарымен жүзеге асырылады. Тур бағдарламасына тұру, трансфер, тамақтану, экскурсия, гид қызметі және сақтандыру кіреді.
Жоба Туризм және спорт министрлігінің жүйелі қолдауымен жүзеге асып, саланың дамуына тың серпін беріп отыр. Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Министрлік туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне 7 түрлі мемлекеттік қолдау тетігін іске асыруда:
- Туроператорлардың келу туризміне арналған шығындарын субсидиялау;
- Кәмелетке толмаған жолаушылардың әуе билеттері құнын субсидиялау (Kids Go Free);
- Тау шаңғысы курорттары үшін жабдықтар мен техниканы сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеу;
- Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салуға арналған шығындарды өтеу;
- Санитарлық-гигиеналық тораптарды (СГТ) күтіп-ұстауға арналған субсидия;
- Туристік қызмет көрсету нысандарын салуға және қайта жаңартуға арналған шығындардың бір бөлігін өтеу;
- Туристік мақсаттағы автокөлік сатып алуға арналған шығындардың бір бөлігін өтеу.