Астанада қолөнершілер мен отандық дизайнерлер фестивалі өтіп жатыр
Астанадағы «Ғашықтар» аллеясында «Nura Fest» қалалық көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мұнда жас кәсіпкерлер, қолөнершілер, шеберлер мен жергілікті дизайнерлер өз бұйымдарын ұсынуда. Шара елорда күніне орай өткізіліп жатыр және үш күнге созылады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Жәрмеңке 4 шілдеде ашылып, 6 шілдеде аяқталады.
«Қала күні – әр астаналық үшін ең маңызды мерекелердің бірі. Біз тұрғындар мен қонақтар үшін мерекелік атмосфера қалыптастыру мақсатында мүмкіндігінше көп орындарды қамтуға тырыстық. Соның бірі – осы «Ғашықтар» саябағы. Бұл саябақ бұрыннан танымал серуендеу орнына айналған. Біз адамдардың аллеялармен жүріп өтіп бара жатып, мерекенің рухын сезініп, оның атмосферасынан ләззат алғанын қаладық», – деді Нұра ауданы әкімінің аппараты жанындағы ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Руслан Сәбитов.
Фестивальге қатысып жатқан шамамен 30 қатысушы авторлық өнімдерін, қолөнер бұйымдарын және этнодизайн үлгілерін ұсынуда. Жәрмеңкеде қазақстандық өндірушілер мен брендтерге ерекше көңіл бөлініп отыр.
«Біз – Жетісай ауданынан келген өндірушіміз. Мен – емдік минералды сумен адамдарды емдеп келе жатқан санаторийдің директоры едім. Бұл сумен емдеу шамамен 25 жыл бойы жүзеге асырылып келеді. Ол буын мен тері ауруларына өте тиімді – құрамында кремний бар, әрі бірегей құрамға ие. Біз бұл суды Германия секілді еуропалық технологтарға таныстырғанда, олар сапасына таңданды. Қазір біз олармен бірлесіп жұмыс істеп, осы судың негізінде өнімдер шығарып жатырмыз: сабын, душқа арналған гельдер, сусабындар, бетке, денеге және буынға арналған кремдер. Қазірдің өзінде 13 түрлі өнім шығарамыз, алдағы уақытта бұл санды 30-ға дейін жеткізіп, балаларға арналған желіні, дымқыл сулықтар және т.б. қосуды жоспарлап отырмыз. Біз өнім түрлерін белсенді түрде кеңейтіп жатырмыз және Қазақстан нарығына толық шығуға үміттіміз», – деді Жетісай ауданынан келген жәрмеңке қатысушысы Төлеген Бақытжан.
Өз өнімдерін жас шеберлер де ұсынуда. Антон Майба жұбайы Нұргүлмен бірге қолөнер бұйымдарын таныстырды.
«Біз жұбайым екеуіміз 6-8 айдан бері қолдан гипстен декоративті бұйымдар жасаумен айналысып келеміз. Негізгі бағытымыз – этнотүркілік және қазақи стиль. Біздің өнімдер қатарында шамдар, тұғырлар, қобдишалар, кәдесыйлар бар. Жәрмеңкеде көбіне бабл-принті бар тұғырлар, сондай-ақ киіз үй мен сәукеле пішініндегі қобдишалар ұсынылды, сотуарлар да болды – оларды жылдам сатып әкетті. Біз Астана күніне арналған жәрмеңкеге қуана қатыстық. Орны жақсы, атмосферасы тамаша, тек ауа райы сәл кедергі болды, бірақ жалпы бәрі ұнады», – деді ерлі-зайыптылар.
Дәстүрлі қазақ ою-өрнектерімен безендірілген сөрелерде декоративті бұйымдар, әшекейлер мен киімдер ғана емес, қолдан тігілген косметикалық сөмкелер де ұсынылды.
Жәрмеңкеге келушілер көңілді атмосфера мен ұсынылған өнімдердің алуан түрлілігін атап өтуде.