6 шілде күні Қазақстанда Астана күні аталып өтеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Осы мерекеге орай елордада дәстүрлі түрде жүзден астам түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылады. Биыл Астана тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше оқиғалар, концерттер, шоулар, қойылымдар, акциялар, көрмелер, спорттық турнирлер және басқа да көптеген қызықты бағдарламалар ұсынылуда, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Жаз бойы демалыс және мереке күндері елорданың саябақтарында «Отбасы Time» атты балалар шығармашылығы фестивалі өтіп жатыр.
6 шілде күні қала бойынша жаңадан абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер мен аулалар ашылды.
Сол күні «Қазақ елі» алаңында XI «Әскери керней» әскери-музыкалық фестивалінің қорытындысы ретінде гала-концерт өтеді.
6 шілде күні Орталық саябақта демалыс күндеріне арналған отбасылық «Мерекелік саябақ» фестивалі жалғасады. Фестиваль аясында көрермендерге ашық аспан астында фильмдер көрсетілімі, театрландырылған қойылымдар, бейнелеу өнері мен қолөнерге арналған шеберлік сағаттары, спорттық және ойын-сауық бағдарламалар, көрмелер мен концерттер ұсынылады.
Сондай-ақ, осы шара аясында Орталық саябақта қайта өңделген пластиктен жасалған алып мысық мүсіні орнатылды. Бұл арт-нысан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жасалған.
Экомысықты суретшілер, еріктілер мен фестиваль қонақтары бірігіп жасап шықты. Кез келген қала тұрғыны өзімен бірге пластик әкеліп, оны мүсіннің құйрығына жапсыра алды. Инсталляцияның мақсаты – қалалық саябақты көркейту ғана емес, сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеу мен табиғи ресурстарды ұқыпты пайдаланудың маңыздылығын еске салу.
6 шілде күні елордада «Қалалық перфоманс фестивалі» де жалғасуда. Қала тұрғындары мен қонақтарына саябақтар мен алаңдарда ашық аспан астында театрландырылған қойылымдар ұсынылды. Фестиваль әртістер шеруімен басталды. Екі күндік бағдарламаға Астана, Алматы және Мәскеу қалаларынан келген шығармашылық ұжымдар қатысуда.
Биыл алғаш рет Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры «Армандар орындалады» спектаклін ұсынды.
Қойылымның тұсаукесері 5 шілде күні өтті, ал 6 шілде күні көрермендер спектакльді тамашалай алады. Қойылымның ерекшелігі – кәсіби әртістермен қатар түрлі жұмысшы мамандық иелерінің сахнаға шығуы. Олардың қатарында мұғалімдер, журналистер, дәрігерлер, аспаздар, медбикелер, жүргізушілер, құрылысшылар және басқа да мамандар бар. Олар көрермендерге өздерінің өмір жолын, армандары мен кәсіби тәжірибесін шынайы сахналық бейнелер арқылы жеткізеді.
Сондай-ақ, осы күні елордалық «Жастар», «Наз», «Қанаттылар» театрларында, Музыкалық жас көрермен театрында және М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында жоспарланған спектакльдер өтеді.
6 шілде күні Ұлттық домбыра күніне орай мерекелік іс-шаралар Атырау көпірінде және Орталық саябақта өтіп жатыр. Мерекелік концерттік бағдарлама Амфитеатр сахнасында жалғасады.
Сол күні елорданың тұрғын алаптарында күндізгі мерекелік концерттер өтті. Оларға Астана қаласы Мәдениет басқармасына қарасты мекемелердің шығармашылық ұжымдары мен қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысты.
Осы күні «Қазақ елі» монументі алаңында «Jastar Energy» жастар концерті өтеді. Бағдарламада жас орындаушылардың өнер көрсетуі мен көрерменмен интерактивті мәдени қарым-қатынас қарастырылған. Іс-шараның мақсаты – жастар шығармашылығын қолдау, мәдени белсенділікті арттыру және заманауи өнерді насихаттау.
6 шілде күні «Астана-Арена» стадионы аумағында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік OPEN AIR концерті өтеді.
Астана күніне арналған мерекенің қорытындысы ретінде 6 шілде күні сағат 23:00-де демеушілердің қолдауымен Ботаникалық бақ аумағында мерекелік отшашу ұйымдастырылады. Ол OPEN AIR концертінде өтеді деп жоспарланып отыр.
6 шілде күні «Қазанат» атшабарында ұлттық бәйге түрлерінен «Елорда кубогы» турнирі, сондай-ақ қазақтың мықты атлеттері мен ұлттық спорт шеберлерінің қатысуымен «Толағай» жарысы өтеді.
7 шілде күні Амфитеатр сахнасында «Жастар» сарайының эстрадалық-симфониялық оркестрі сүйемелдеуімен «Алтын домбыра» мектебінің 400 оқушысы қатысатын концерттік бағдарлама өтеді. Іс-шара Ұлттық домбыра күніне арналады.
8 шілде күні Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтеді.
Байқаудың мақсаты – дәстүрді сақтау, бала тәрбиесі мен қоғамды дамыту ісіне үлес қосып жүрген үлгілі отбасыларды анықтау және марапаттау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және отбасы институтын нығайту.
Биыл елордада ең үлгілі 19 отбасы танылып, бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Еске сала кетейік, «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының қорытынды марапаттау рәсіміне дайындық аясында қала мен аудан деңгейінде комиссиялар жұмыс істеп, ең белсенді әрі өнегелі отбасылар іріктелді.