Есіл өзенінің жағалауындағы елордалық амфитеатр сахнасында Қала күніне арналған «Астана – арман қала» атты концерт өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Музыкалық кеште Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның эстрадалық вокал бөлімінің әншілері, сондай-ақ танымал өнер иелері мен әртістер — Майра Ильясова, Нұржамал Үсенбаева, Қанат пен Света Айтбаевтар, Арайлым Рахымқызы, Гүлнұр Оразымбетова, Ұлықпан Жолдасов, Сүндет Байғожин, Мұратбек Хайролда, Фарида Жолдасова, Акимхан Мәженов, Алтыншаш Мұқатаева, Айдын Жұмабай, Диана Май, Парасат Отан, Қымбат Жамбылбек, Дидар Серікқали және басқалар өнер көрсетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сондай-ақ көрермендерге заманауи «Әлем» би балеті ұсынылды.
Сахнадан елорданы жырлаған және көпке танымал болған әндер орындалды. Олардың қатарында — «Астана арулары», «Астана кеші», «Армандастар», «Астана», «Су тасушы қыз», «Алтынай», «Мерекеңмен елім», «Қазақстан» сынды шығармалар бар.
«Бұл концерт жыл сайын елорданың шынайы жүрегіне айналып келеді. Біз оны Астана тұрғындарына және барша халыққа деген сүйіспеншілігімізді, алғысымызды жеткізу үшін өткіземіз. Концерттің ұйымдастырушысы ретінде сеніммен айта аламын: бүгінгі кеш жоғары деңгейде өтті. Мұны қонақтарымыздың шынайы эмоцияларына қарап-ақ байқауға болады – олардың әсері керемет болды. Бағдарламада Қазақстанның дамуына үлес қосқан халық әртістері мен қоғам қайраткерлерімен қатар, жас орындаушылар да қатысты. «Астана – арман қала» концерті өз мақсатына жетті – халыққа қуаныш пен мерекелік көңіл-күй сыйлай алдық», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы.