6 шілде – Астана күні мерекесі орай Байқоңыр ауданында жаңадан кешенді түрде абаттандырылған ауланың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұл – қала тұрғындарының игілігіне бағытталған игі істердің бір бөлігі ғана емес, тұрғындардың өмір сапасын арттыру жолындағы нақты қадам, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Сұлтанұлы, Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді және өзге де қоғам белсенділері мен лауазымды тұлғалар қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімі аула мерекесіне ұласып, бүлдіршіндер мен тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балалар үшін түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, жұрт шаттыққа бөленді.
Еске сала кетейік, биыл Астанада 170-ке жуық аула мен қоғамдық кеңістік (парктер, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылады. Жұмыс қаланың барлық аудандарын, оның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды. Абаттандыру жұмыстарының басым бөлігі қазірдің өзінде аяқталды.