2023 жылы автомобиль жолдарын салу және жөндеу кезіндегі заңдылықтың сақталуы мәселесі бойынша Қарағанды облысы Бұқар-Жырау ауданы прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде, «Центргеоланалит» ЖШС аккредиттелген сынақ зертханасының қызметіне байланысты заң бұзушылықтар анықталды. Аталған зертхана керндерді сынау кезінде белгіленген нормалардан ауытқыған, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сынақ жүргізу барысында зертхана аккредиттеу саласына кірмейтін нормативтік құжатқа сілтеме жасаған, бұл сынақ хаттамаларымен расталады.
Прокурорлық ден қою актісінің негізінде, ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 415-1-бабы 1-бөлігінің 1-тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бойынша істер қозғап, жауапкершілікке тартты.
Кәсіпорынға 3 656 760 теңге көлемінде айыппұл салынды, сондай-ақ аккредиттеу аттестатының қолданылуы 6 ай мерзімге тоқтатылды.