Астанада көше қылмыстары жиі тіркелетін аумақтарды алдын ала анықтап, сол жерлерде профилактикалық жұмысты күшейтуге мүмкіндік беретін «Көшедегі қылмысты болжаудың ЖИ-моделі» пилоттық жобасы іске қосылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл туралы прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мемлекет басшысының биыл 23 маусымда өткен құқық қорғау органдары алқасының кеңейтілген отырысында айтқан тапсырмасын орындау мақсатында – қылмыстық қатерлерді болжау және оларға қарсы іс-қимыл жүйесін қайта іске қосу үшін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әлеуетін пайдалана отырып, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы қатерлерді алдын ала анықтап, ескертуге бағытталған болжамды-талдамалық орталыққа ведомствоны трансформациялау жөніндегі кешенді шаралар әзірленді.
Жобаның басты мақсаты – қылмыстық қатерлерді алдын ала болжайтын және ескертуге мүмкіндік беретін заманауи жүйе қалыптастыру.
Осы мақсатта Бас прокурордың тапсырмасымен ведомство жанынан Қоғамдық қауіпсіздік қатерлері мен қылмыстық қауіптерді болжау орталығы пилоттық режимде құрылды.
Аталған орталықтың алғашқы қадамдарының бірі – 9 шілдеде Астанада «Көшедегі қылмысты болжаудың ЖИ-моделі» пилоттық жобасының іске қосылуы болды.
Жоба Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр және оның мақсаты – көше қылмыстары жиі болатын орындарды алдын ала анықтап, сол аумақтарда уәкілетті органдар, соның ішінде полиция тарапынан профилактикалық шараларды күшейту.
Жүйе жаңа технологиялар мен үлкен деректер базасына негізделген. Ол қылмыстар туралы ақпаратты қашан және қайда құқықбұзушылық болғанын талдайды.
Соңғы 10 жылда елордада тіркелген қылмыстық оқиғалар бойынша жинақталған тарихи мәліметтер негізінде жасанды интеллект элементтерінің көмегімен белгілі бір радиуста белгілі бір қылмыстың болу ықтималдығы болжанады. Бұл проблемалық аудандарды анықтап, алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Аталған мәліметтердің арқасында полиция патрульдеу бағыттарын тиімді жоспарлап, ықтимал құқықбұзушылықтарға жедел әрекет ете алады, ал жергілікті атқарушы органдар – қалалық инфрақұрылымды қауіпсіз ету бойынша (бейнебақылау камераларын орнату, жарықтандыру және т.б.) шаралар қабылдай алады.
Жоба аясында пилоттық кезең сәтті жүзеге асырылса, бұл тәжірибе еліміздің басқа да ірі қалалық агломерацияларына енгізіледі.