Несие алу кезіндегі жұбайлардың құқықтары: өзіңізді өзге қарыздардан қалай қорғауға болады

1738
Фотосурет: Gov

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, егер қарыз отбасы мүддесі үшін ресімделмесе, жұбайының/зайыбының келісімінсіз кепілсіз тұтынушылық банктік қарыз (микрокредит) беру мүмкін емес екендігін еске салады. Олай болмаған жағдайда, мұндай міндеттемелерге дау айтуға болады, ал қаржы ұйымы белгіленген тәртіпті бұза отырып берілген кредиттің күшін жоюға міндетті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл құқықтық норма ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарын қорғауға және қаржылық міндеттемелерді ресімдеу кезінде теріс пайдаланудың алдын алуға бағытталған.

Қарызды келісімінсіз ресімдеген жағдайда кезең-кезеңмен әрекет ету ұсынылады:

  1. Кредиттің болуы мен талаптарын нақтылаңыз.

Тиісті қаржы ұйымына хабарласыңыз және кредит туралы ақпаратты, соның ішінде шарттың сомасын, жасалған күнін және кредиттік шарттың көшірмесін сұраңыз. Бұл ақпараттық арыз ресімделген жұбайының (зайыбының) атынан алу үшін нотариаттық сенімхат ресімдеу қажет.

  1. Қаржы ұйымына өтініш беріңіз.

Кредиттің  сіздің келісіміңізді алмай және отбасының мүддесі үшін алынбағанын тану туралы талап қоя отырып, жазбаша өтінішті ресімдеңіз. Қаржы ұйымы уәжді жазбаша жауап беруге міндетті. Келісімнің жоқтығы фактісі расталған кезде кредиттің күші жойылуға тиіс.

  1. Құқықтарды қорғау үшін хабарласыңыз.

Егер Сіздің құқықтарыңыз бұзылған деп ойласаңыз, сіз қаржы ұйымына, сондай-ақ банк омбудсманына шағыммен жүгінуге құқылысыз. Мәні бойынша шешім немесе қанағаттанарлықсыз жауап болмаған жағдайда, Сіз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне өтініш бере аласыз. Өтінішке қаржы ұйымы жауабының көшірмесін, сондай-ақ растайтын құжаттарды қоса беру қажет.

Өтінішті "E-Otinish" порталы, «Қазпошта» АҚ арқылы немесе Алматы қаласы, «Көктем-3» шағынауданы, 21 үй мекенжайы бойынша қолма-қол беруге болады.

«Банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, жұбайының (зайыбының) келісімінсіз қарыз беру тәртібін бұзу белгілері болған кезде Агенттік кредиторға қатысты қадағалап ден қою шараларын қолдануға құқылы.

Еске саламыз, Агенттік қолданыстағы қағидаларға өзгерістер әзірледі. Жобаға сәйкес, кепілсіз тұтынушылық банк қарызын (микрокредитті) беру кезінде жұбайының (зайыбының) келісімі 1000 АЕК (3 932 000 теңге) және одан жоғары сомаға қажет болады. Сонымен қатар, кейбір жағдайларда мұндай келісім талап етілмейді - егер жұбайы (зайыбы) қосалқы қарыз алушы ретінде әрекет етсе немесе қарыз сол банкте не МҚҰ-да бұрын алынған кредитті ішкі қайта қаржыландыру мақсатында ресімделсе.

Сонымен бірге Агенттік азаматтарды кредит алу мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға және қаржылық міндеттемелердің болуы туралы ақпаратты үнемі тексеріп отыруға шақырады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -