2025 жылғы 12 шілдеде Алматы қаласындағы Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған 600-ден аса мерзімді әскери қызметшінің Ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жас сарбаздар Қарулы Күштердің қатарына қабылдана отырып, Отан алдындағы парызын адал атқаруға салтанатты түрде серт берді. Әскери ант әр сарбаздың жеке қол қоюы арқылы рәсімделіп, олардың әскери борышына деген жауапкершілігін айқындай түсті.
Ұлттық ұланның дәстүріне сай өткізілген рәсімге әскери бөлімнің ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары, Сарбаз аналары комитетінің өкілдері, бұқаралық-ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қатысты. Бұл жас жауынгерлер үшін әскери өмір жолындағы ең маңызды әрі есте қаларлық сәттердің бірі болды.
Іс-шараға келген ата-аналар да ерекше әсерімен бөлісті.
Солардың бірі, Маңғыстау облысынан келген Перизат Шекербекова:
«Ұлымның бүгін Отанға адал қызмет етуге ант бергенін көріп, жүрегім толқыды. Баламның ер жетіп, елге қорған болатын азамат болғанына мақтанамын. Бәрі аман болсын, ел тыныш болсын»
Салтанатты рәсімнен кейін ант қабылдаған жас сарбаздар да өз ойларын ортаға салды.
Солардың бірі қатардағы жауынгер Еркебұлан Келдібаев:
«Әскери форма киіп, Отан алдында ант беру — әрбір жігіттің өміріндегі ең жауапты күндердің бірі деп ойлаймын. Енді бізге артылған сенімді ақтап, ел тыныштығын қорғау үшін аянбай қызмет етеміз»
Ант қабылдаған соң, жас сарбаздар екі апта бойы жауынгерлік қызметке бейімделіп, Алматы қаласының тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді меңгереді. Алғашқы он күнде олар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтаудың қыр-сырын теориялық түрде оқып-үйреніп, кейін тәжірибелік машықтан өтеді. Арнайы сынақтан сүрінбей өткен сарбаздар жауынгерлік қызметті дербес атқаруға жіберіледі.
Айта кетейік, 1992 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұлан бүгінде қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыс пен терроризмге қарсы күрес, мемлекеттік маңызды нысандарды және түзеу мекемелерін күзету, сотталғандарды айдауылдау сияқты маңызды міндеттерді абыроймен орындап келеді.
Шара соңында мыңға жуық әскерилер мен әскери оркестр Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арнап, «Көзімнің қарасы» әнін хормен орындап, Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөліміне челлендж жолдады.