Астана қаласындағы №70 мектеп-лицейі «Таза Қазақстан» акциясы аясында жасыл бастамаларға белсенді үлес қосып келеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Астана қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы №70 мектеп-лицейінде бірқатар жүйелі жұмыс жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, биыл мектеп аумағында 600 түп ағаш отырғызылып, жер асты суын тиімді пайдалануға арналған 2 ұңғыма орнатылды. Сонымен қатар, мектептің бүкіл аумағына тамшылатып суару жүйесі енгізіліп, көгалдандыру жұмысы жаңа сапалық деңгейге көтерілді, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық даналығын басшылыққа ала отырып, мектеп ұжымы мен оқушылар аула аумағын көркейтуге, табиғатпен үндестікте экологиялық тәрбиені нығайтуға ерекше мән беріп отыр. Әр сенбі сайын сенбілік өткізу дәстүрге айналған: оқушылар гүлдер мен ағаштарға күтім жасап, аумақты таза ұстауға белсене қатысып келеді», – дейді мектеп директоры Гүлжамал Пердебаевна.
Экологиялық тәрбиемен қатар, мектепте «Жасыл мектеп», «Табиғатты қорғау» секілді жобалар табысты жүзеге асырылып, ғылыми жобалар мен байқауларда жүлделі орындар иеленген оқушылар саны артып келеді.
«Алдағы уақытта мектеп ұжымы суыққа төзімді гүлдер отырғызып, оларды зерттеуді, мектеп ауласында жылыжай орнатуды, мұғалімдерге арналған демалыс аллеясын салуды жоспарлап отыр», – дейді мектеп директоры.