2025 жылдың 8-14 шілдесі аралығында Бангкокта (Таиланд Корольдігі) муайтайдан әскери қызметшілер арасында Халықаралық әскери спорт Кеңесінің (CISM) І әлем чемпионаты өтуде, деп хабарлайды DKnews.kz.
Халықаралық додаға 11 елден: Тайланд, Шри-Ланка, Сауд Арабиясы, Түркия, Польша, Иран, Қазақстан, Өзбекстан, Пәкістан, Бахрейн және Бельгиядан 84 жауынгер қатысуда.
Турнирдің ең жарқын қатысушыларының бірі — Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының өкілі қатардағы жауынгер Әли Нәсіпқалиев. Ол Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімі атқыштар ротасының маман-бақылаушысы.
Қатардағы Нәсіпқалиев 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол өзінің керемет дайындығының, жауынгерлік рухы мен сенімділігінің арқасында іріктеу және жартылай финалдық жекпе-жектен абыроймен өтіп, жарыс финалына шығу құқығын жеңіп алды.
Шешуші кездесуде отандасымыз — Ұлттық ұлан спортшысы кәсіби шеберлік танытты. Ақтық сындағы қарсыласы тай спортшысына ғана есе жіберіп, чемпионаттың күміс жүлдегері атанды.
Ұландық жауынгердің жоғары нәтижесі Қазақстан армиясындағы спорттың жоғары деңгейін көрсетті және әскери қызметшілердің жас буыны үшін жарқын үлгі бола білді.