Іле Алатауы тауларында ТЖМ құтқарушылары Қытайдан келген туристерге көмекке келді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кешкі уақытта құтқарушыларға Шүкір шыңына (3550 м) көтерілген Қытайдың екі азаматы жайлы ақпарат түсті. Олардың бірі аяғынан жарақат алып, өздігінен қайта түсе алмаған. Зардап шеккендердің геолокациясы анықталып, байланыс үзілмеді.
Құтқару операциясын жүргізу үшін ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағы, Алматы қаласының Құтқару қызметі және апаттық медицина орталығының бірлескен тобы жолға шықты. Түнгі уақытта күрделі тау жолдарын еңсеріп, құтқарушылар туристердің болжамды орналасқан жеріне қарай көтеріле бастады.
Туристер биік таулы аймақтан табылды. Құтқарушылар бірден жарақат алған азаматты тасымалдауға кірісті.
Құтқарушылардың кәсіби әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында операция сәтті аяқталды — туристке көмек көрсетіліп, ол тау асуынан қауіпсіз жерге эвакуацияланды.