FlyArystan географияны кеңейтуде: Атыраудан Ташкентке тікелей рейс ашылды

1617
Фотосурет: Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қазақстандық лоукостер FlyArystan бүгін Атырау – Ташкент – Атырау бағыты бойынша алғашқы халықаралық рейсін сәтті орындады, деп хабарлайды DKnews.kz.

FS7835 рейсі Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайынан ұшып шығып, Өзбекстан астанасындағы Ислам Каримов атындағы халықаралық әуежайына сәтті қонды. Ұшақ авиацияда жаңа бағыттың ашылуын білдіретін рәсім – дәстүрлі су бұрқағымен салтанатты түрде қарсы алынды. Ташкенттен қайтып келген ұшақты, яғни FS7836 рейсін Атырауда дәл осындай қарсы алу рәсімімен күтіп алу жоспарланған.

Алғашқы рейстің ашылу салтанатына әуекомпаниясы мен әуежайдың басшылығы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

«Бұл рейстің іске қосылуы FlyArystan-ның халықаралық бағыттар желісін кеңейту жолындағы маңызды қадам ретінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік қолжетімділігін арттыруға септігін тигізеді. FlyArystan-ның Астана – Ташкент бағытындағы рейсіне қоса, бұл жаңа бағыт Қазақстанның батыс өңірінен Өзбекстанға тікелей әуе қатынасын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы іскерлік, мәдени және туристік байланыстардың одан әрі дамуына мүмкіндік береді» Ричард Леджер, «FlyArystan» АҚ президенті 

Салтанатты шара аясында әуежайдың ұшу залында мерекелік безендіру, фотоаймақ, лента қию рәсімі және жолаушыларға сыйлықтар ұйымдастырылды.

«Ташкентке тікелей жаңа халықаралық рейстің ашылуы – біздің әуежаймен қатар бүкіл өңір үшін де маңызды оқиға. Бұл рейстің іске қосылуы жолаушылар ағынының артуына, әуежайдың транзиттік тартымдылығының жоғарылауына және Атыраудан орындалатын бағыттардың географиясының кеңеюіне ықпал етеді деп күтеміз» «АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдар» АҚ коммерциялық директоры Владимир Пахомов

Атырау – Ташкент – Атырау бағыты екі қала арасындағы алғашқы тұрақты тікелей рейс болды. Рейстер шілде және тамыз айларында – бейсенбі мен жексенбі күндері, ал қыркүйек пен қазан айларында – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері орындалады. Ұшу уақыты 2 сағат 20 минутты құрайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -