Су құбырынан келетін ауыз су: аңыздар мен кеңестер

1705
Фотосурет: freepik.com

Краннан су ішу үшін бірнеше минут ағызудың қажеті жоқ, деп хабарлайды DKnews.kz.

Су ішу үшін кранды бірнеше минут ашық қалдырудың қажеті жоқ. Алдын ала су ағызу тек санитарлық-эпидемиологиялық тексеру үшін сынама алынатын жағдайда ғана керек.

Судың ағысын қанша уақыт ағызу қажет екені зерттеу мақсатына байланысты. Мысалы, су сапасына әсер ететін материалдарды зерттеу үшін суды алдын ала ағызбай-ақ сынама алу керек. Ал химиялық тепе-теңдікті анықтау үшін суды 2–3 минуттай ағызып жіберу жеткілікті.

Судағы микробиологиялық көрсеткіштерді анықтау үшін металл крандарды алдымен отқа ұстап зарарсыздандыру керек, ал пластик крандарды арнайы құралмен дезинфекциялау қажет. Мұндай жағдайда суды кранды толық ашып, кемінде 10 минут ағызу керек.

«Ішуге арналған суды алдымен ағызып жіберудің қажеті жоқ. Бұл – суды бекер ысырап ету. Министрлік керісінше, суды үнемдеп пайдалануға шақырады. Осы мақсатта арнайы әдістемелік ұсыныстар әзірленген. Оларды сақтау арқылы алты адамнан тұратын отбасы жылына 35 мың литрге дейін су үнемдей алады. Қазір бұл ұсыныстарды ел көлеміндегі қоғамдық орындарға тарату жұмысы жүргізіліп жатыр» Су ресурстары және ирригация министрлігі Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Берікбол Мәндібаев

Ұсынылған шаралар қатарында мыналар бар: кір жуатын және ыдыс жуатын машиналарды толық жүктемемен пайдалану, автоматты сенсорлы крандар орнату, дәретханада екі режимді су шығару тетіктерін орнату, крандарға аэрациялық саптамалар қою, крандардың техникалық жағдайын тұрақты тексеріп тұру және ақау не ағып жатқан жерлерді уақытылы жөндеу.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -