Мамандық – жүрек таңдауы
Мамандық таңдау – адамның өмір жолындағы ең маңызды шешімдердің бірі. Бұл шешімді әркім әртүрлі себеппен қабылдайды: біреу бала күнгі арманының жетегінде кетсе, енді бірі ата-анасының кеңесіне сүйенеді. Ал кейбір жандар бұл таңдауға жүрек қалауы арқылы келеді. Солардың бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салимова Алена Васильевна.
Балалық шақ: туған тілден жырақта
Алена Васильевна 1973 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласына қарасты Көкпекті ауданындағы шағын Большевик ауылында дүниеге келген. Алайда үш жасында ата-анасы Эстонияға қоныс аударып, ол балабақшадан бастап эстон тілінде сөйлей бастайды. Туған тілінен, туған жерінен жырақта өскенімен, қазақ тіліне деген қызығушылығы оның жүрегінің түкпірінде сақталып қала береді.
Қазақ тілі – сүйікті пәнге айналған сәт
Қазақстанға қайта оралған соң, Алена қазақ тілін үйренуге ерекше құлшыныспен кіріседі. Қазақ тіліндегі алғашқы әсерін Алена апай қазақ көршісімен араласу барысында алады. Қазақ әжейдің орысша білмегендіктен, күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерді тек қазақша айтуы жас баланың жадында жатталып, тілді үйренуге деген қызығушылықты оятқан.
Мектеп қабырғасында алғаш 6-сыныпта қазақ тілі сабағына қатысып, бұл пән бірден оның жүрегіне жол табады. Сабақтағы әрбір сөз, әрбір ереже оған ерекше әсер етіп, қазақ тілі оның сүйікті пәніне айналады.
Мектепті тәмамдаған соң, қазақ тіліне деген сүйіспеншілік оны нақты шешімге жетелейді — М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжге «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуға түседі. Сол күннен бастап ұстаздық жолға қадам басып, өзінің үлкен арманына бет бұрады.
Ұстаздық жол – өмірлік миссия
Алена Васильевна еңбек жолын Риддер қаласындағы Ю.А. Гагарин атындағы интернатта тәрбиеші әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастайды. Бүгінде ол — Риддер қаласындағы №2 орта мектепте жоғары санатты маман. Ұстаздық өтілі – 29 жыл. Осы жылдар ішінде кәсіби біліктілігін шыңдап, облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі байқауларда топ жарып жүр.
Оның еңбегі елеусіз қалмады – түрлі марапаттарға ие болды, үздік ұстаз ретінде танылып, ұжым мен шәкірттер арасында үлкен беделге ие болды.
Қоғамдық белсенділік – рухани үлес
Алена Васильевна сабақ берумен ғана шектелмейді. Ол – Риддер қалалық мәдениет сарайында мемлекеттік тілде түрлі мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі ретінде қазақ әдебиетін насихаттап жүрген жан. Абай Құнанбайұлының шығармаларын жатқа оқып, көркем әдебиетті дәріптеуге де өз үлесін қосып келеді. «Мемлекеттік тіл-этносаралық қатынас тілі» арнайы ҚХА жобасы аясындағы іс-шараларға белсенді қатысады.
Заманауи ұстаз – шәкірттің бағыт берушісі
Сабақ барысында ол тек білім беріп қана қоймай, инновациялық әдістерді пайдалана отырып, оқушылардың қызығушылығын арттыруға ерекше мән береді. Дарынды оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізіп, олардың қалалық және облыстық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болуына ықпал етіп келеді.
Шәкірттері үшін Алена Васильевна – жай ғана мұғалім емес, өмірлік жол сілтер тұлға. Олар ұстазын құрметпен үлгі тұтады.
Ұстаздық – саналы таңдау
Өз мамандығы туралы сөз болғанда Алена Васильевна:
«Мен балаларды өте жақсы көремін және олардың адалдығын ұнатамын. Өз мамандығымды саналы түрде таңдадым», – дейді.
Оның пікірінше, ұстаз болу – бұл жай ғана жұмыс емес, өмірлік миссия. Бұл — адам жанына білім ғана емес, рухани бағыт сыйлайтын қасиетті жол.
Тілге деген құрмет – елге деген сүйіспеншілік
Салимова Алена Васильевнаның өмір жолы — Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген шынайы құрметі мен сүйіспеншілігінің жарқын үлгісі. Оның жүрегімен сезініп, шынайы ықыласпен таңдаған мамандығы – тек кәсіби жол ғана емес, ұрпаққа қызмет етудің көрінісі.
Алена апайдың өнегелі өмірі – қазақ тілінің қадір-қасиетін жүрегімен ұғынған әр азаматқа үлгі.
Самарканова Әсел Алтынбекқызы