Қазақстанда дүниеге келген балалардың саны бір жылда 15,8%-ға азайды

1364
Фотосурет: onlyyouqj/freepik.com

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 77,3 мың бала өмірге келді, бұл өткен жылмен салыстырғанда, 15,8%-ға аз.

Бірнеше жылдан бері жаңа туған сәбилердің саны азайып барады: 2021 жылы 446,5 мың, 2022 жылы 403,9 мың, 2023 жылы 388,4 мың, ал 2024 жылы 365,9 мың сәби дүниеге келді. Елде соңғы жылдары бала туу көрсеткішінің төмендеуі тұрақты сипат алуда.

Туу коэффициенті — халықтың әр 1000 адамға шаққандағы туу көрсеткіші де төмендеу үрдісін көрсетіп отыр. 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 15,4, ал бір жыл бұрын 18,3 болды. 2020 жылы туу коэффициенті 22,8 болды, 2021 жылы ол 23,5-ке дейін өсті, алайда 2022 жылдан бастап тұрақты төмендеу үрдісі басталды: 2022 жылы — 20,6, 2023 жылы — 19,5, 2024 жылы — 18,2.

Өңірлер бойынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында туу коэффициентінің ең жоғары мәндері Маңғыстау және Түркістан облыстарында (әр өңірде 21,3-тен), сондай-ақ Шымкентте (19,7) тіркелді. Ең төменгі көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан (8,5), Қостанай (9,5) және Шығыс Қазақстан (9,6) облыстарында байқалды.

БҰҰ-ның болжамды деректеріне сәйкес алдағы он жылда Қазақстандағы туу көрсеткіші одан әрі төмендей беруі мүмкін. Сарапшылар берген баға бойынша 2024 жылы Қазақстанда туу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 19,5 құрады,ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 1000 адамға шаққанда 19 нәрестеге дейін азаяды. 2034 жылға дейін туу деңгейі біртіндеп тұрақты түрде төмендеп, мынадай ең төменгі шекке жетеді деп күтілуде: 17,6. Одан кейін көрсеткіштің біршама қалпына келуі күтіледі: 2043 жылға қарай бұл көрсеткіш 18,1-ге дейін артады, бірақ содан кейін ол қайтадан төмендей бастайды. 2050 жылы ол 17, 2060 жылы 14,9, 2070 жылы 14,2, 2080 жылы 13,4, 2090 жылы 12,1, ал 2100 жылы бар болғаны 11,4 болмақ. Демек, егер Қазақстан тиімді шаралар қабылдамаса, еліміз елеулі демографиялық қиындықтарға тап болуы мүмкін.

«Қазақстан балалары» сайтында берілген деректерге сәйкес туу көрсеткішінің төмендеуінің басты себептерінің бірі — елдегі экономикалық жағдай. Тұрғын үй, білім беру және медициналық қызметтердің қымбаттауы себебінен бала өсіру отбасыларға ауыр соғуда. Көптеген отбасылар қаржылық жағдайлары тұрақталғанша, бала сүюді кейінге шегеріп қояды. Бұған қоса әлеуметтік ұстанымдар да өзгерді: көптеген жастар отбасын құруды кейінге қалдырып, мансап пен өзін-өзі дамытуды таңдайды. Әйелдер алдымен жоғары білім алып, кәсіби жетістікке жетуді жөн көріп, содан кейін ғана бала сүю туралы ойланатын болды.

2024 жылы Қазақстан халқы арасында жүргізілген зерттеу деректері бойынша азаматтардың 3,9%-ы балалы болғысы келмейді; 51,3%-ы балалы, бірақ тағы да балалы болуды жоспарламайды; 11,3%-ы бір баламен шектелмек; 13%-ы екі бала болғанын қалайды; 9,1%-ы үш балалы болғысы келеді; 10,5%-ы төрт немесе одан да көп балалы болуға ниетті.

Бір қызығы, қала тұрғындарының арасында бала сүюден мүлде бас тартатындар саны ауыл халқына қарағанда көбірек: бала сүюден мүлде бас тартқандар қалада — 4,5%, ауылда — 3%. Балалы болып, енді бала сүюді жоспарламайтындар қала тұрғындары арасында көбірек – 52,4%, ал ауыл тұрғындары арасында бұл көрсеткіш 49,5%-ды құрайды.

Бала сүюге деген ниет немесе оны жоспарламаудан бөлек, туу көрсеткішіне физиологиялық мүмкіндіктер де айтарлықтай әсер етеді. Туу көрсеткішінің төмендеу себептерінің бірі — «бедеулік» диагнозы қойылған адамдар санының артуы. 2024 жылдың алғашқы алты айында осындай диагнозбен есепте 29,1 мың әйел мен 102 ер адам тұрды. Салыстырайық, «бедеулік» диагнозы қойылған әйелдер саны 2023 жылы 28,5 мың, 2022 жылы 25,4 мың, 2021 жылы 16,9 мың, 2020 жылы 11,2 мың, ал 2019 жылы 10 мың болды. Ал «бедеулік» диагнозы қойылған ер адамдар 2023 жылы 108, 2022 жылы 111, 2021 жылы 119, 2020 жылы 54, 2019 жылы 36 ғана болды.

Аталған мәліметтер демографиялық құлдырауға тек әлеуметтік-экономикалық емес, сонымен қатар медициналық диагноздар да себеп болып отырғанын көрсетеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -