Мықты компания еңбек адамына деген құрметтен бастау алады

1661
Алевтина Донских Бас редактордың орынбасары
Фотосурет: Айгүл Қорғанбаева

Жұмысшы мамандықтарының жылы – бұл елде жаңа еңбек элитасын қалыптастыруға бағытталған кең ауқымды бағдарламаның алғашқы сатысы. Аталған бастама мемлекеттік, қоғамдық және корпоративтік деңгейлерде жүзеге асырылады. Осы маңызды міндетті кешенді түрде шешу тек жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған идеологиялық шараларды ғана емес, сонымен қатар мемлекет қамқорлығымен ұлттық кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамыту мен нақты өндіріс орындарында, яғни әрбір еңбек ұжымында атқарылатын практикалық жұмысты да қамтиды, – деп санайды «АлЭС» АҚ өкілдері.Мұнда жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы қарым-қатынастар жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп, жан-жақты ұжымдық шарт негізінде реттеледі. Аталған құжатта тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалған, бұл өз кезегінде еңбек пен өндірістегі тұрақтылықты, әлеуметтік қорғалуды, өзара сенімді қамтамасыз етіп, әлеуметтік-еңбек қатынастарын жүйелейді. Сонымен қатар, компания мен оның қызметкерлерінің даму болашағы мен бағыттарын да айқындайды.

2025–2028 жылдарға арналған «Алматы электр станциялары» АҚ-ның кезекті үш жылдық ұжымдық шарты 2025 жылғы 20 маусымда қол қойылып, 1 шілдеден бастап күшіне енді. Құжат заңдық күшке ие болып, барлық тараптар үшін міндетті болып табылады. Бұл негізгі әлеуметтік өндірістік серіктестік құжатының сегізінші нұсқасы болып табылады, ол екіжақты комиссияның жауапты жұмысының нәтижесінде әзірленіп, келісіліп, бекітілді.

Тепе-теңнегізде

Комиссия тепе-теңнегізде құрылады және оған «АлЭС» АҚ құрылымдық бөлімшелеріндегі қызметкерлердің атынан – кәсіподақ комитеттерініңсегіз төрағасыжәне жұмыс беруші тарапынан –Басқарма Төрағасы Ерік Машировтың басшылығымен қызмет бағыттары бойынша сегіз басшы кіреді.

– Біз энергетика – бұл жай ғана озық сала еместігін жақсы түсінеміз. Бұл – күн сайын еңбек ететін адамдар. Біздің міндетіміз – олар үшін лайықты еңбек жағдайларын жасау және біз бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де болса жалғастырамыз, – деді «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасы Ерік Маширов құжатқа қол қою рәсімінде.

Айта кету керек, қазіргі ұжымдық шарттың жаңа редакциясы тек алдыңғы нұсқамен ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен, бас, салалық және өңірлік келісімдермен салыстырғанда қызметкерлердің жағдайын жақсартатын бірқатар жаңа нормаларды қамтиды.

Ұжымдық шартқа енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды іске асыруға байланысты шығындардың жалпы сомасы «АлЭС» АҚ үшін жылына 400 миллион теңгеден асады.Компанияның бұл маңызды құжаты Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында қабылданғаны да оның мазмұнына өз әсерін тигізгені сөзсіз.

Компанияда атап өткендей, ұжымдық шартты дайындау барысында, яғни шамамен бір жыл ішінде, көптеген қызметкерлер өз ұсыныстары мен тілектерін жолдады. Бұл жұмыс бүкіл ұжымды – басшылықты да, кәсіподақты да біріктіріп, энергетиктердің жоғары белсенділігін көрсетті. Барлық ұсыныстар комиссияда қаралып, әрбір пікір ескерілді. Ең маңызды идеялар мен бастамалар құжатта өз көрінісін тапты.

– Адамдар күнделікті өмірінде маңызды деп санайтын мәселелерімен бөлісті. Мен осының барлығының осы түпкілікті құжатта көрініс тапқандығына өте қуаныштымын, – деп атап өтті «Энергожөндеу» ӨЖК және ОҚТО кәсіподақ комитетінің төрайымы Нәзира Кадырқұлова.– Атап айтқанда, жаңа ұжымдық шартта барлығымыз үшін маңызды бірнеше тармақтар енгізілді: өмірлік маңызы бар оқиғалар бойынша төлемдердің ұлғаюы; мектеп оқушылары бар ата-аналар мен мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға қосымша көмек; спорттық және мәдени іс-шараларға бөлінетін қаражат көлемінің артуы; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлігінің күшеюі; арнайы киімдердің жаңартылған нормалары мен оны кию мерзімдері және басқа да маңызды жаңалықтар.

Жалпы алғанда, «АлЭС» АҚ-ның Ұжымдық шарты 13 бөлімнен тұрады. Бұл бөлімдер еңбек қатынастарын, жұмыс және демалыс уақытын, еңбекақы төлеуді, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын, тараптардың материалдық жауапкершілігін, әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктерді, өтемақыларды және басқа да көптеген мәселелерді реттейді. Құжаттың мазмұны 11 қосымшада егжей-тегжейлі баяндалған.

– Ұжымдық шарттың әрбір жаңа редакциясы жұмыс беруші тарапынан бұрын қабылданған міндеттемелердің қысқаруына жол бермейді. Сол себепті кез келген жаңа нұсқа – бұл алға басқан қадам. Бұл – адамдарға қамқорлықты көздейтін құжат, – деп атап өтті «АлЭС» АҚ Еңбек және еңбекақы бөлімінің бастығы Юрий Шашкин.

Жалпы алғанда, бұл құжат компанияның негізгі жұмыс күшін сақтау мен штаттық режимдегі жоғары өнімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ қызметкерлердің құзыреттерін дамытуға, мансаптық өсуіне және еңбекке деген ынтасын арттыруға бағытталған. Сондықтанқұжатауқымдыәрі барлық мәселелердіегжей-тегжейліқамтиды.

Сөзге, сенімге және келісімге негізделген күш

– Адам ресурстарын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат жаңа деңгейге шыққанын ескере отырып, бұл бағыттағы кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің жұмысы әлдеқайда жауапты әрі тиімді бола түсуде, – дейді «АлЭС» АҚ «Энергия» Жергілікті кәсіподағының төрағасы Серік Тымбасбаев.– Осы серпіннің арқасында кәсіподақтар елімізде жаңа форматтағы жұмысшы табын қалыптастыру үдерісіне белсенді түрде қатысуда. Бұл үдерісте кәсіподақтардың рөлі артып келеді. Жуырда ғана бұл мәселелер Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезінде кеңінен талқыланды. Форум Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялау жөніндегі бастамасын қолдап, оны «жұмысшы мәртебесін арттыруға, еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған маңызды қадам» деп бағалады.

Бұл ретте алматылық энергетиктердің және олардың кәсіподағының бұл бағыттағы жүйелілігі мен ұстанымдылығын ерекше атап өткен жөн. Бұған дейін қабылданған жеті үшжылдық ұжымдық шарт өз кезеңінде, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан әртүрлі күрделі жылдарда өз функцияларын, соның ішінде қорғау міндетін де толық атқарды. Көптеген компанияларда ұжымдық шарт ескінің сарқыншағы, ешқандай міндет жүктемейтін формальді құжат ретінде қабылданбай, мүлде жасалмай жатқан кезеңде, алматылық энергетиктер оның күші мен маңыздылығына сенуді жалғастырды.

Сол себепті «АлЭС» АҚ-ның әлеуметтік маңызы зор құжаты – Ұжымдық шартыбұған дейінгі жылдары Қазақстан бойынша бірнеше рет үздіктердің қатарынан танылған болатын. Мысалы, «Парыз-2015» байқауында компанияның ұжымдық шарты ірі кәсіпкерлік субъектілері арасындағы «Үздік ұжымдық шарт» номинациясының лауреаты атанды.2020 жылы да бұл құжат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің алғыс хаттарымен марапатталды.Биыл күшін жоғалтқан жетінші Ұжымдық шарт та «Парыз-2023» байқауының қорытындысы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алғыс хатына ие болды.

Айта кету керек, компанияның еңбек қатынастарын жүйелі түрде құруға бағытталған жұмысы энергетиктерге COVID-19 індеті кезінде енгізілген карантин кезеңін ұйымдасқан түрде, штаттық режимде өткізуге мүмкіндік берді.Төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап-ақ «АлЭС» АҚ-ның барлық бөлімшелерінің қызметі қатаң санитарлық талаптарға сәйкестендірілді. Компания жоғары деңгейдегі жұмылдыру қабілетін көрсете отырып, төтенше жағдай мен карантин кезеңінің бүкіл уақытында өндірістік бағыттардың барлығында жұмыс тұрақтылығын сақтап қалды.

Егер әкімшілік өндірістік міндеттерді шешсе, компания қызметкерлерінің өзекті әлеуметтік мәселелері «АлЭС» кәсіподағының бақылауына алынды. Ұжымдық шарт аясындағы өзара міндеттемелерді орындау барысында компания басшылығы қызметкерлердің тұрғын үй жалдау шығындарын өтеуді қамтамасыз етті, ал бұл жұмыс«АлЭС» кәсіподағы филиалына сеніп тапсырылды.

Компания санитарлық қорғау шараларын жүзеге асырып жатқанда, қызметкерлер де толықтай өз міндеттерін атқарды.Карантин кезінде өндірістік нысандарда іс жүзінде жұмыс істейтін қызметкерлер саны 23% қысқарғанымен, ұжым екі есе энергиямен және жауапкершілікпен жұмыс істеді. Кейінгі есептеулер бойынша, карантин мерзімі (2020 жылғы 16 наурыздан 11 мамырға дейін) аралығында компания бойынша технологиялық бұзушылықтардың саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға азайды. Бұл жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы қалыптасқан өзара түсіністік пен жауапкершіліктің нақты өндірістік көрсеткіштерге ұласып отырған бір айқын мысалы.

Өз кадрларына ерекше мән беру

Әрине, келісімшарттың негізгі бөлігі еңбек қатынастары мәселелеріне қатысты: қауіпсіз жағдайлар жасау, еңбек өнімділігін қамтамасыз ету, кәсіби даму және мансаптық өсу. Бұл мәселелер бастапқыдан-ақ күн тәртібінде болды. 90-жылдары кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі айтарлықтай құлдырағандықтан, компания кадрларды даярлау мәселелерін өз мойнына алуға мәжбүр болды. Сол уақыттан бері «АлЭС» АҚ қызметкерлерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруға бағытталған көп деңгейлі жүйені қалыптастырды.

Компанияның өндірістік активтерін жаңғырту мен күрделі технологиялық ерекшеліктерін, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарының жоғары деңгейін ескере отырып, 2007 жылы «АлЭС» АҚ-да білікті кадрлар қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Қызметкерлерді дайындау бөлімі құрылды. Бұл бөлім мамандары энергетика саласындағы негізгі мамандықтар және өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша қызметкерлердің біліктілігін жүйелі түрде арттыруда.

Қазір компания жыл сайын бірнеше мың қызметкердің біліктілігін көтеруді қамтамасыз етуде. Мысалы, «АлЭС» АҚ 2023 жылы – 5299 қызметкерді, 2024 жылы – 6 340 қызметкерді, ал ағымдағы жылдың басынан бастап – 3 311 қызметкерді оқытты. Олардың жартысынан көбі Қызметкерлерді дайындау бөлімінде оқыса, қалғандары Алматы энергетика және байланыс университеті, Алматы энергетика және электрондық технологиялар мемлекеттік колледжі сияқты сыртқы оқу орындарында білім алады. Сондай-ақ, шетелдік тағылымдамалар да бар, бұл жетекші мамандарға энергетикадағы жаңа технологиялар мен трендтерден хабардар болып, компанияның жаңартылатын кәсіпорындарына кадрлық резервті дайындауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда А. Жақұтов атындағы 2-ЖЭО үшін қызметкерлерді даярлау және қайта даярлау мәселесі өзекті болып отыр. Құрылыс жүріп жатқан газ станциясына мамандар даярлауға арналған алғашқы іріктеу өтіп, бірінші топқа шамамен 30 адам қабылданды. Олар теориялық және практикалық дайындықтан өтеді. Жаңа станцияның технологиялық-экономикалық негіздемесі бойынша шамамен 300 адам жұмыс істейтін болады.

Жетістік негізі

Жаңа еңбек шартындағы негізгі міндеттемелерден бөлек, жаңартылған редакциясына кәсіподақтың есепшотына аударылатын нақты көлемі арттырылған қаржылық қаражаттар енгізілді. Бұл қаражаттар мәдени-ауқымды, спорттық-денсаулық шараларын өткізуге және әлеуметтік сипаттағы басқа да мақсаттарға арналған. Аударымдар жылдық нақты еңбек ақы қорының 0,5%-ынан 1%-ға дейін арттырылды.

2025 жылғы 1 шілдеден бастап бір реттік демалысқа арналған әлеуметтік көмек көлемі 90АЕК-тан 100 АЕК-ке дейін арттырылды; баланың тууына байланысты материалдық көмек 100АЕК-тан 130 АЕК-кедейін көбейтілді, сондай-ақ басқа да төлемдер ұлғайтылды. Сонымен бірге мемлекеттік және ведомстволық наградалар, медальдар, қоғамдық және басқа да ұйымдардың марапаттары, құрметті атақтар, алғыс хаттар, құрмет тақталарына енгізу, түрлі байқаулар мен жарыстар жеңімпаздарын марапаттауға арналған бір реттік қаржылық ынталандырулар қарастырылған.

Сонымен қатар, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап жұмыс берушінің балаларға арналған әртүрлі өтемақылар мен жеңілдіктер төлеуге қатысты қосымша міндеттемелері артты. Сонымен бірге кәсіподақтың да қосымша міндеттемелері енгізілді.

Ағымдағы жылы «АлЭС» АҚ өз міндеттемелері мен елдің еңбек заңнамасы аясында бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Оған өндірістік аумақты абаттандыру, санитарлық-тұрмыстық бөлмелерді жақсарту, спорт алаңдарын дамыту, тегін түскі ас енгізілген асханаларды жаңғырту жатады. Нәтижесінде компанияның шамамен үш мың қызметкері кәсіпорын асханаларының қызметін пайдаланады. Сонымен қатар, «Энергетик» балалар лагерінде жыл сайын қызметкерлердің жүздеген баласы демалады.

– Ұжымдық шарт – бұл жай қағаз жүзіндегі келісім емес. Бұл – компанияның өндірістік мақсаттарға жету жолында ең алдымен адамға, оның еңбегіне құрметпен қарайтынын көрсететін нақты ереже мен өзара міндеттемелер жүйесі, – дейді Серік Тымбасбаев. – Қызметкер өзіне қамқорлық жасалғанын сезінгенде, ол өз еңбегімен жауап береді. Осылайша ортақ іске деген қатыстылық сезімі пайда болып, корпоративтік мәдениет бекиді. Бұл компанияның шынайы қуаты мен табысының негізі. Біз үшін әлеуметтік салаға салынған қаражат – бұл АлЭС-тің тұрақты дамуы мен болашағына бағытталған инвестиция.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -