Қытайдың Үрімші қаласында өткен «Өткір қанжар» халықаралық мергендер сайысы өз мәресіне жетті.
Әлемнің 18 елінен келген 60-қа жуық снайперлік жұптың қатысуымен өткен бәсекеде Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының құрама командасы жоғары нәтижелер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте 6-орынға ие болды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ерекше марапат «Тарзан» лақап атты сарбазға бұйырды. Ол аңызға айналған «Қанжар» жаттығуында 2018, 2023 және 2025 жылдары үш мәрте топ жарған жалғыз қатысушы ретінде тарихқа енді.
Жарыс барысында қатысушылар нақты ұрыс жағдайына барынша жақындатылған тапсырмаларды орындады. Олар мергендік дәлдік, тактикалық маневрлер, кепілге алынғандарды босату және позицияны жабдықтау элементтері бойынша сайысқа түсті. Барлық бағытта «Burkit Team» құрамасы кәсіби шеберлік пен жоғары үйлесімділікті көрсетті.
Қазақстандық команданың (лақап аттары бойынша) ең үздік нәтижелері:
«Кепілді босату» жаттығуы:
🥇 1-орын — Немец пен Бензема
🥉 3-орын — Тарзан мен Дукс
(медаль және алғыс хатпен марапатталды)
«Позицияны жабдықтау» жаттығуы:
🥉 3-орын — Тарзан мен Дукс
(медаль және алғыс хатпен марапатталды)
Жұптық мергендік ату бойынша жалпы есеп:
6-орын — Немец пен Бензема
(дипломмен марапатталды)
«Қанжар» жаттығуы — дәлдікті талап ететін ең әсерлі кезеңдердің бірі:
Тарзан, Бензема және Саха арнайы турнир символы – «Қанжар» иегерлері атанды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының снайперлік жұптары ең үздік тактика қолданғаны үшін арнайы Кубокпен марапатталды. Бұл — отандық әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігі мен тактикалық сауаттылығын мойындау деп бағаланды.
Халықаралық додада абыроймен өнер көрсеткен «Burkit Team» құрамасы жауынгерлік рухты, тұрақтылықты және қазақстандық мергендер мектебінің әлеуетін паш етті.