Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Абай облысында «Әлемге болған әйгілі, Дана Абай – ойдың алыбы» тақырыбында облыстық студиялық жас ақындар айтысы өтті, передает DKnews.kz.
Рухани- мәдени бағыттағы бұл шараны «Ауыл» партиясының Абай облысы бойынша өңірлік филиалы ұйымдастырды.
Айтысқа 4 жас ақын қатысып, 2 жұпқа жұпталып, суырыпсалма өнерде бақ сынады. Олар: I жұп — Нұроллаев Рауан мен Асубаев Назар, II жұп — Сағимоллаева Еркежан мен Құсман Әділет өзара айтысып, көркем сөзбен тартысқа түсті.
Жас ақындар хакім Абай мұрасы, ұлттық рух, елдік тәрбие секілді тағылымды тақырыптарды жырға қосып, көрерменге рухани әсер сыйлады. Суырыпсалма шешендік, ой ұшқырлығы, тапқырлық пен тіл шеберлігі — әр қатысушының өнерінде айқын көрінді.
Айтыс қорытындысында барлық қатысушыларға арнайы Дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Марапаттау рәсімін Семей қаласы Мәдениет сарайындағы «Халықтық ақындар орталығының» жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Дәмеш Омарбаева және «Ауыл» партиясының Абай облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Қайрат Смағұлов өткізді.
Сондай-ақ, айтысты ұйымдастыруға және ақпараттық қолдау көрсетуге белсене атсалысқаны үшін Дәмеш Омарбаеваға және «Байуақов ТВК – 6» телеарнасының директоры Байуақов Омарбек Қазанғапұлына өңірлік партия төрағасы атынан «Алғыс хаттар» табыс етілді.
Бұл жыр додасы — Абай рухына тағзым, ұлттық өнерге құрмет әрі жас буын арасындағы рухани сабақтастықты нығайтудың нақты көрінісі болды. Айтыс жастардың суырыпсалма өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, Абай даналығының бүгінгі ұрпақ санасында жаңғыруына жол ашты.