Қазақстан азаматтарын лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесі әрдайым өзекті. Бұл ел үкіметі үшін, сондай-ақ әрбір азамат үшін айрықша маңызды.
Адам өмірінің ұзақтығы артып, инфляциялық қысым күшейіп жатқан қазіргі жағдайда тек мемлекеттік қолдауға үміт артып қана қоймай, жеке зейнетақы жинақтарын белсенді түрде қалыптастыру қажет, өйткені елімізде зейнетақы жүйесінің жинақтаушы құрамдас бөлігіне баса мән беріліп отыр, ал оның негізгі қағидасы — қаншалықты көп жинасаң, болашақта соншалықты көп аласың.
Қазіргі таңда қазақстандықтардың зейнетақысы мынадай көздерден құралады:
- міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) — жұмыс беруші қызметкердің ай сайынғы жалақысының 10%-ын зейнетақы қорына аударады;
- міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) — зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің табысының 5%-ын жұмыс беруші өз қаражаты есебінен аударады;
- жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) — 2024 жылы 1,5%-дан басталып, 2028 жылға қарай кезең-кезеңімен 5%-ға дейін ұлғайтылады, 2025 жылы 2,5%-ды құрайды (жинақтаушы зейнетақы жүйесінің бұл құрамдас бөлігі 2024 жылы енгізілді және 1975 жылы және одан кейін туған барлық қызметкерлер үшін жұмыс берушінің қаражаты есебінен төленеді);
- ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) — зейнетақы төлемдерін алушының пайдасына жеке де, заңды тұлғалар да аудара алатын қаражат.
Бүгін ерікті зейнетақы жарналарына тоқталамыз, бұл — салымшылардың өз қалауымен БЖЗҚ-ға аударатын қаражаты. Мұндай жарналарды жеке тұлғалар өз пайдасына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар үшінші (жеке) тұлғалардың пайдасына аудара алады.
Соңғы бірнеше жылда бұл жарна түріне қызығушылық едәуір өсті. Мәселен, 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қазақстандықтардың ЕЗЖ бойынша жинақтары 8,5 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 37,5%-ға артты. Бұл — басқа зейнетақы жарналары түрлерімен салыстырғанда ең жоғары өсім. Ал жыл басынан бері ЕЗЖ үшін ашылған жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 2,4%-ға өсіп, 450 мыңға жетті.
Ерікті жарналар арқылы жинақтардың күрт өсуі 2022 жылдан бері үздіксіз жалғасып келеді. Бұған бірқатар себептер бар: заңнамадағы өзгерістер, шот ашу және оны толықтыру рәсімдерінің жеңілдетілуі, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан талап етілмеген сомалардың ЕЗЖ үшін ашылған ЖЗШ-ға аударылуы, сондай-ақ мұндай жарнаның артықшылықтары. Сонымен қатар халықтың қаржылық сауаттылығының артуы да азаматтарды өз болашағына саналы түрде инвестиция салуға ынталандырып отыр.
Ерікті зейнетақы жарналарының артықшылықтары көп.
- Салымшы ЕЗЖ-ның мөлшері мен төлеу жиілігін өзі анықтайды.
- Атап өткеніміздей, ерікті зейнетақы жарналарын тек салымшы ғана емес, сондай-ақ кез келген үшінші тұлға — жұбайы, ата-анасы немесе туысы алушының зейнетақы шотына аудара алады.
- ЕЗЖ үшін ЖЗШ ашу мақсатында БЖЗҚ кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Алғашқы жарна БЖЗҚ-ға түскен кезде шот автоматты түрде ашылады.
- Қазақстанда ерікті зейнетақы жарналары салықтық жеңілдіктерге ие. Мысалы, жұмыс беруші қызметкерінің пайдасына аударған ЕЗЖ жеке тұлғаның табысы ретінде қарастырылмайды, ал жұмыс беруші үшін мұндай шығындар корпоративтік табыс салығын есептеген кезде шегеріледі. Яғни, салық салынған кезде, жұмыс беруші жеңілдіктер алады.
- Барлық міндетті зейнетақы жарналары сияқты ЕЗЖ инвестицияланады және салымшыларға табыс әкеледі. Зейнетақы активтерін ҚР Ұлттық банкі басқарады. Сонымен қатар ЕЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы жинақтарын толығымен инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) аударуға болады, ал МЗЖ мен МКЗЖ есебінен жиналған жинақтарды тек жалпы сомасының 50%-ына дейін ғана аударуға рұқсат етіледі.
- ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін зейнет жасына жетпей-ақ, 50 жастан бастап алуға болады. Бұл орайда төлемдердің мөлшері мен жиілігі ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру шартына және БЖЗҚ-ның зейнетақы ережелеріне сәйкес белгіленеді. Сонымен қатар мұндай төлемдер мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға беріледі (егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе).
- ЕЗЖ төлеудің ыңғайлылығы. Бүгінде мұндай жарналар БЖЗҚ-ға мынадай жолдармен аударылады:
«Қазпошта» АҚ бөлімшелерінде;
Kaspi.kz-пен біріктірілген БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасы арқылы;
Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы;
Halyk Bank-тің өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы;
екінші деңгейдегі банктерде;
жұмыс берушіге өтініш беру арқылы.
Айта кететін бір жәйт, азамат қайтыс болған жағдайда, оның зейнетақы жинақтары, соның ішінде ерікті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражат, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұрагерлерге өтеді. Атап айтқанда, зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өсиет бойынша немесе заң тәртібімен мұраға қалдырылады.
Қазақстанда ерікті зейнетақы жарналары инвестицияның балама түріне айналды. Бұл — болашаққа, лайықты зейнетке шығуға бағытталған инвестиция. ЕЗЖ-ға деген қызығушылықтың артуы қазақстандықтардың өз болашақ зейнетақысын қалыптастыруға саналы түрде қарай бастайтынын айғақтайды. Тиімді шарттар, салықтық жеңілдіктер және жинақтарды өз бетінше басқару мүмкіндігі ЕЗЖ-ны сенімді қаржы құралы етеді. Ал бұл үрдістің қарқыны алдағы уақытта одан әрі күшеюі әбден мүмкін.