Үкіметте Ермек Көшербаевтың қатысуымен Президенттің әлеуметтік саладағы тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Мемлекет басшысының әлеуметтік салаға қатысты берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Ол әлеуметтік саясат дегеніміз тек бюджеттің шығындарының өсу көлемі емес, адами капиталға, халықтың денсаулығына, жастардың біліміне, қоғамның тұрақтылығына бағытталған инвестициялар екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Үкімет алдына өмір сапасын жақсарту, халықтың әлжуаз топтарын қорғау және әлеуметтік инфрақұрылымды қалыптастыру жөнінде тапсырмалар берген болатын. Бұл бағытта кешенді жұмыс атқарылуда. Бүгінгі таңда мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындауда. Бюджеттің жартысынан көбі осы салаға жұмсалады. Соның ішінде бірнеше санаттарға тоқтала кетсем, баласы бар отбасыларды қолдауға қатысты, жыл басынан бері 1,2 млн баласы бар отбасылардың жәрдемақылары 6,5%-ға арттырылды. Оған республикалық бюджеттен 870 млрд тенге бөлінді. Ол 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 17%-ға көп» Ермек Көшербаев
Вице-премьердің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек 245 мың адамға 16,2 млрд тенге көлемінде төленуде. Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі және қарт адамдарды қолдауға Үкіметтің алдына ерекше назар бөлу туралы міндет қойған болатын. Жыл басынан бері зейнетақы төлемдері 8,5%-ға арттырылды. Зейнетақының орташа мөлшері 180 мың теңгені құрайды. Бұл мақсатқа 4 трлн теңге жұмсалуда.
«Жалақыны арттыру – халықты көп толғандыратын мәселе. Еліміздегі орташа жалақы мөлшері өсіп, қазіргі таңда 423 мың теңгені құрайды. Ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі 600 мың азаматтық қызметшілердің еңбекақысының өсуіне ықпал етті. Жарты жылдың қорытындысы бойынша 250 мың адам жұмыспен қамтылды. Бұл бағытта цифрлық платформа енгізілуде. Негізгі мақсат – нақты көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау. Бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы» Ермек Көшербаев
Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту аясында елімізде 500-ден астам нысанның құрылысы аяқталды
Вице-премьер өңірлерде заманауи ауруханалардың құрылысы және медициналық мекемелерді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жыл сайын ана мен бала өлімі төмендеп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жақсаруда.
«Президенттің “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы бойынша тапсырмасына сәйкес 500-ден астам нысанның құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 140-тан астам ауылдық амбулаториялар мен медициналық пункттер іске қосылады. Өңірлерге сапар барысында осы нысандардың құрылыс барысымен, сондай-ақ олардың медициналық кадрлармен қамтамасыз етілуімен танысқанымды атап өткім келеді. Жалпы, ауыл тұрғындары атап өткендей, ұлттық жобаның нәтижесінде ауылдағы медициналық көмектің қолжетімділігі артып келеді» Ермек Көшербаев
Ол сондай-ақ соңғы уақытта дәрігерлер мен медбикелерге қатысты зорлық-зомбылық жағдайлары олардың кәсіби міндеттерін орындау кезінде жиілеп кеткенін айтты. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша депутаттық корпуспен бірлесіп осындай әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылықты қатаңдату бойынша заңнамалық түзетулер пакеті әзірленді.
Биыл елімізде ЖОО-ға түсу үшін 93 мың грант бөлінеді
Вице-премьер жыл басынан бері еліміз бойынша 13 мың орындық 172 балабақша ашылғанын хабарлады. Соның нәтижесінде балабақшағы кезек азайып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1,7 млн оқушы тегін ыстық тамақ ішеді. Олардың ішінде әлеуметтік осал топтардан 99 мың бала бар. Оларды қолдауға 18,4 млрд теңге бөлінді. Тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді: көкөністер көп, қант аз, зиянды тағамдар алынып тасталды. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 6,8 млн балаға ақшалай қаражат аударылды. Олар оны болашақта білім мен тұрғын үйге пайдалана алады. Мектептердің құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Соңғы екі жылда 388 мың орындық 274 жаңа мектеп ашылды. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында - 115 мектеп бар. Тағы 177 мектептің құрылысы жүруде.
«Президенттің нұсқауына сәйкес 245 мектепті кешенді жаңарту жүргізілуде. Бұл жалпы білім беретін мектептердің стандарттарын жайлы мектептерге жақындатуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 95 мыңнан астам оқушының оқу жағдайы жақсаруда» Ермек Көшербаев
Студенттік стипендиялар мен колледждерді қаржыландыру екі есе өсті. Биыл ЖОО-ға түсу үшін магистратура мен докторантураны қоса алғанда 93 мың грант бөлінеді. Жетекші шетелдік университеттердің 24 филиалы ашылды. Жаңа жатақханалардың іске қосылуының нәтижесінде орын тапшылығы 72%-ға қысқарды. Нәтижесінде қазіргі уақытта бұл мәселе шешіліп келеді. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.
3,4 млн бала жазғы демалыспен қамтылды
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев биыл 5 сауықтыру орталықтары ашылғанын атап өтті.
«Балалардың жазғы демалысы мен сауықтыруы бойынша биыл 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь мен 220 қаладан тыс жазғы сауықтыру орталықтары қызмет көрсетуде. Нәтижесінде 3,4 млн баланы қамтыдық. Өзім өңірлерге іс-сапарға шыққанда осы лагерьлерге арнайы соғып, балалардың демалу жағдайлары мен тамақтануының қауіпсіздігін тексеріп жүрмін. Биыл 5 сауықтыру орталықтары ашылды. Жылдың соңына дейін қосымша тағы 27 орталық іске қосылады. Бұның сапасын арттыру мақсатында келесі жылдан бастап бұл қызмет лицензияланады» Ермек Көшербаев
Басты мақсат – Абайдың мұрасын құрметтеп, ұрпақ санасына сіңіру
Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы. Қазіргі таңда елімізде бірқатар шара өткізілуде. Негізгі шаралар тамыз-қыркүйек айларына жоспарланған. Оған өңірлер үлкен дайындық жұмыстарын жүргізуде. Басты мақсатымыз – Абайдың мұрасын құрметтеп, ұрпақ санасына сіңіру. Бұл салада заманның ағымына сай креативті индустрияның дамуына көңіл бөлінуде. Өңірлерде 16 креативтік орталық ашылды. Оларға салық жеңілдіктері енгізілген. Білім беру бағдарламалары іске қосылған. Бұның түпкі мақсаты – дарынды жастарды іздеп, табу. Олардың жобаларын қолдап, инвесторларды тарту. Одан соң отандық креативтік өнімдерді халықаралық нарыққа шығару.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Наурыз» және «Отау» тұрғын үй бағдарламаларына бюджеттен 220 млрд теңге бөлінді
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев 5,5 мың жас жаңа үй алғанын атап өтті.
«Сондай-ақ жастарды қолдау мақсатында да кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Оның ішінде негізгі мәселе – жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. “Наурыз” және “Отау” тұрғын үй бағдарламаларына бюджеттен 220 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 5,5 мың жас жаңа үй алды» Ермек Көшербаев
Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары биыл жұмысшы жастарды демеу үшін «Наурыз жұмыскер» банк өнімі іске қосылғанын атап өтті. Облыстарда жас мамандарға арналған өңірлік ипотекалық бағдарламалар жастарға үлкен мүмкіндік беруде. Үкімет бұл жұмыстарды әрі қарай жүйелі түрде жалғастыратын болады.