Саркома – сирек кездесетін, бірақ қауіпті диагноз: ауруды қалай дер кезінде анықтауға болады

2772
Фотосурет: КАЗОРҒЗИ

Қазақстанда жыл сайын 300-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі. Ерте жүгіну – сауығудың кепілі, деп хабарлайды DKnews.kz.

Саркома – сүйек, бұлшық ет, май, шеміршек, қан тамырлары немесе жүйке сияқты дәнекер тіндерден дамитын қатерлі ісік. Ол эпителий жасушаларынан пайда болатын және жиі кездесетін карциномалардан ерекшеленеді. Саркомалар адам денесінің кез келген бөлігінде пайда болуы мүмкін және көбінесе балалар мен жасөспірімдерде, жастарда анықталады.

Ауру сирек кездесетініне (барлық онкологиялық аурулардың 1%-дан азын құрайды) қарамастан, ерте диагностиканың күрделілігі мен кейбір түрлерінің агрессивті ағымы бұл дертке ерекше назар аударуды талап етеді.

Қазіргі таңда саркоманың 50-ден астам түрі белгілі. Ең жиі кездесетіндері:

  • Остеосаркома – сүйек тінін зақымдайды,
  • Липосаркома – май тінінен дамиды,
  • Ангиосаркома – қан тамырларына әсер етеді,
  • Рабдомиосаркома – көлденең жолақты бұлшық етте пайда болады,
  • Синовиалды саркома – буын маңындағы жұмсақ тіндерді зақымдайды.

Ісіктер ұзақ уақыт бойы клиникалық белгілерсіз өтуі мүмкін. Ерте кезеңде сырқаттар ауырсынуды сезбейді, ал ісік сырт көзге қатты тию не көгерудің ізі сияқты көрінеді. Аурудың асқынуымен келесі белгілер байқалуы мүмкін: ауырсынусыз өспелі түйін немесе ісік, ісіктің ұлғаюы, ісік аймағында ісіну, сүйек зақымдануында ауырсыну, аяқ-қол немесе буынның қозғалыс шектелуі, әлсіздік, тез шаршау, себепсіз салмақ жоғалту, ал сүйек саркомаларында – патологиялық сүйек сынуының жоғары қаупі.

Қауіп факторларының қатарына тұқым қуалаушылық бейімділік, спорттық жарақаттардың жиі қайталануы, радиация мен канцерогендерге ұшырау, темекі тарту және иммунитеттің әлсіреуі жатады.

Саркоманы диагностикалау кешенді тәсілді қажет етеді: ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ), магниттік-резонанстық томография (МРТ), компьютерлік томография (КТ), ісіктен биопсия алынып, гистологиялық зерттеу жүргізіледі.

Емдеу – әр пациентке жеке тағайындалады және ісіктің түрі мен сатысына байланысты болады. Клиникалық жағдайға қарай: хирургиялық операция, сәулелік терапия, химиотерапия, таргеттік және иммунотерапия қолданылады.

Болжам аурудың сатысы, ісіктің орналасуы мен гистологиялық түрі, сондай-ақ науқастың жасы сияқты көптеген факторларға байланысты. Егер саркома ерте кезеңде анықталып, кешенді әрі кәсіби ем жүргізілсе, толық жазылу мүмкіндігі бар.

Маңызды ескерту: кез келген ісік түрі елеусіз қалмауы тиіс. Өз ағзаңызға мұқият болыңыз, тұрақты тексерістен өтіп, уақытылы дәрігерге жүгіну – сауығу ықтималдығын айтарлықтай арттырады.

«Қазақ онкология институтында біз емдеу мен протездеу бағытында озық технологияларды белсенді енгізіп, оларды пациенттер үшін барынша қолжетімді етуге тырысамыз. Кез келген инновация адамның игілігі үшін қызмет етуі тиіс — емделуден кейінгі өмір сапасын арттыруға бағытталуы қажет. Осы мақсатта біз Koln 3D Technology Limited компаниясымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз – бұл сирек кездесетін сүйек ісіктері бар пациенттерге арналған медициналық 3D-протездерді жасаудағы әлемдік көшбасшы. Сондай-ақ, Chun Li Medical компаниясымен серіктестік орнаттық – бұл аяқ-қол буындарын протездеу саласындағы жетекші кәсіпорын. Біз бірлесе отырып, Қазақстанда онкологиялық және ортопедиялық науқастарды емдеуде жекелендірілген металл имплантаттарды енгізудеміз. Бұл стратегиялық әріптестік отандық денсаулық сақтау саласына жоғары технологиялы медицинаның жаңа мүмкіндіктерін ашып, үздік халықаралық тәжірибелерді меңгеруге жол ашады» «ҚазОРҒЗИ» АҚ Сүйек және жұмсақ тін ісіктері орталығының жетекшісі Ғани Серікбаев 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -