Елордада 23-24 шілде күндері «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Іс-шара аясында Астана қаласының азаматтық қорғау күштері мен құралдарының дайындығына кешенді тексеру жүргізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
ТЖМ әрекет ету жоспарына сәйкес, жойқын жер сілкінісі туындаған жағдайда Астана қаласының төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары үш эшелонмен – авиация, теміржол және автомобиль көлігімен тартылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Оқу-жаттығу барысында №39 «Өндіріс» айналма пунктінде және Индустриялық парк аумағында инженерлік техниканы теміржол платформаларына тиеу, бекіту және түсіру, сондай-ақ маршпен жылжу бойынша практикалық іс-шаралар өтті. Оларға қалалық азаматтық қорғау аумақтық құрылымдарының 23 техникасы мен 62 қызметкері қатысты.
Сонымен қатар, елорданың алты ауданында мектептер базасында зардап шеккен халықты қабылдау үшін алты пункт ашылып, дайындыққа келтірілді.
Оқу-жаттығу аясында азаматтық қорғау қызметтерінің жедел штабтағы өзара іс-қимыл тәртібі пысықталды.