Шемонаиха ауданындағы құрылыс нысандары: мәселелері мен шешімдері

3300
Фотосурет: Сенаттың Баспасөз қызметі

Парламент Сенатының депутаттары Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха ауданында болды. Олар жұмыс сапары барысында бірқатар инфрақұрылымдық және өндіріс нысандарын аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Депутаттар Шемонаиха қаласында жылу жіберу станциясы құрылысының барысымен танысты. Мұндағы жаңғырту жобасы қаржы тапшылығына тап болып, құрылыстың мерзімінде жүзеге асуына қауіп төндіруде.

Сенаторлар Үбі өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысына да назар аударды. Тиісті жобалық сараптаманың болмауына байланысты жұмыстардың басталуы кейінге қалдырылған болатын. Бұл бүкіл ауданның көлік инфрақұрылымының дамуына тежеу болып отыр.

Депутаттар өңірдің логистикасында маңызды рөл атқаратын «Үбі» шекаралық өткелінің жай-күйіне жеке тоқталды. Нысанға кірме жол мен тиісті инфрақұрылымның жағдайы өте нашар. Сенаторлар бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, жедел шаралар қабылдау мақсатында тиісті өтініштерді салалық министрліктерге жіберу ниеті туралы хабардар етті.

Сенаторлар сапар аясында өндірістік кәсіпорындарда да болды. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы ғана емес, сүт өнімдерін басқа өңірлерге де жеткізетін «Сивер плюс» ЖШС сүт зауытының жұмысымен де танысты. Онда кадрмен қамтамасыз ету және өндіріс қуатын ұлғайтудың келешегі талқыланды. Құрама жем зауытында болған кезде облыстың ауыл шаруашылығы саласының қазіргі жай-күйі, сапалы азықпен қамтамасыз ету проблемалары, сондай-ақ аграрлық секторды қолдау қажеттігі талқыланды.

Тұрғындармен кездесу барысында халықты толғандыратын мәселелер көтерілді. Әсіресе, жылумен жабдықтау, автомобиль жолдарының жай-күйі, экологиялық жағдай, ауыз сумен қамтамасыз ету және шекара маңындағы аумақтарды дамытуға баса назар аударылды.

Сенаторлар Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов осындай жұмыс сапарлары жергілікті жердегі нақты мәселелер туралы шынайы ақпарат алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Азаматтардың барлық өтініштері мен кездесулер барысында айтылған мәселелер жүйеленіп, қарау және кейіннен шешу үшін құзыретті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -