Павлодар қаласындағы Ұлттық ұланның 6679 әскери бөлімінде жүз елуден астам жас сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға сарбаздардың ата-аналары, жақындары, әскери бөлім басшылығы мен қала тұрғындары қатысып, жауынгерлерге ақ жол тілеген. Олар Отан алдындағы борышын өтеуге кіріскен жауынгерлерге құрмет көрсетіп, патриоттық рух сыйлады. Әскери ант қабылдау рәсімі барысында күтпеген әрі әсерлі оқиға орын алды. Ұлттық ұлан сапына Солтүстік Қазақстан облысынан шақыртылған қатардағы жауынгер Иван Антонов көпшіліктің алдында сүйіктісі Мадинаға үйленуге ұсыныс жасады.
Сарбаз саптық алаңның ортасына шығып, сүйіктісін шақырып, өмірлік серігі болуын өтінді. Бұл тосын ұсыныстан толқып кеткен Мадина қуанышпен келісімін білдіріп, «Иә!» деп жауап берді. Көріністі тамашалаған көпшілік бұл сәтті зор қошеметпен қарсы алды. Жиналғандар жауынгерлік ант пен шынайы сезімнің үйлесім тапқанын атап өтті.
"Бүгін мен Отан алдындағы парызымды өтеп, адалдығымды білдірдім. Сонымен қатар, өмірлік серігімді таңдадым. Мадинамен бірге бақытты болатынымызға сенемін" Иван Антонов
Ал Мадина бұл сәттің өмір бойы есінде қалатынын атап өтті.
Иван мен Мадина Петропавл қаласындағы жергілікті колледжде аудармашы мамандығында бірге білім алыпты. Алғашында группалас ретінде сөз алысқан екеудің арасында сезім ұшқыны оянынып, үш жыл бойы қос ғашықтың аралары бір елі ажырамаған. Иван қол ұстасқан сүйіктісіне үйленуге ұсыныс білдіруді әскерге дейін шешкен екен. Бірақ сөз салып үлгермегендіктен, осындай айтулы күнге жоспарлапты.
Жас сарбаздардың әскери анты – олардың ел мен жер алдындағы адалдығын білдіретін маңызды рәсім. Ал Иван Антоновтың махаббатын көпшілік алдында білдіруі – әскери өмірде тәртіп пен міндетпен қатар адами құндылықтар мен сезімдердің де маңызды екенін көрсетті. Айта кетейік, 6679 әскери бөлімінің сарбаздары бір жыл бойы Павлодар қаласындағы түзеу мекемелеріндегі тыныштық пен тәртіптің сақталуын қадағалайды.