4,2 мыңға жуық қазақстандық жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін гранттар алды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ағымдағы жылдың басынан бері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 4 207 грант, оның ішінде ауыл тұрғындарына 2 665 грант берілді. 2025 жылы барлығы 9 080 грант беру жоспарлануда.
Мемлекеттік гранттарды алуға өтінімдер 2025 жылдың 21 мамыры мен 3 маусымы аралығында қабылданды. Бүгінгі таңда үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссиялар өз жұмысын аяқтап, барлық қаражат грант алушылардың шотына аударылды.
Өтініш берушілерден барлығы 11,5 мыңнан астам өтініш, оның ішінде көпбалалы отбасылардан – 7 450, мүгедектерден – 1 856, мүмкіндігі шектеулі баланы күтушілерден – 1 334, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан – 289 өтініш қаралды. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған 384 адам, қоныс аударған 93, қандастардан 73 өтініш түскен.
Өтініштердің ең көп саны Түркістан (2 065 адам), Қызылорда (1 296 адам), Жамбыл (1 133 адам) облыстары мен Шымкент қаласынан (934 адам), ең аз көрсеткіш Ұлытау облысы (78 адам) мен Қостанай облысынан (202 адам) түскен.
Гранттар негізінен технологиялық құрал-жабдықтарды алуға – 1 856, тауарлық-материалдық құндылықтарды, құрал-саймандарды сатып алуға – 1 236, мал шаруашылығына – 1 013, үй-жайларын жалға алуға – 60 және өсімдік шаруашылығына – 42 берілді.
Грант иегерлері санаттары бойынша көпбалалы отбасы мүшелеріне – 2 723, мүгедектерге – 657, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға – 488, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға – 126, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушыларға – 145, қоныс аударушыларға – 39, қандастарға – 29 жәрдемақы тағайындалды.
Еске салайық, гранттарды еңбек ұтқырлығы орталықтары үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.
Өтініш берушілер өздерінің бизнес-жобасын комиссия отырыстарында ұсынады. Комиссия отырысының өтетін орны, күні және уақыты туралы хабарлама грантқа үміткердің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетінде көрсетіледі.
Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және келесі критерийлер бойынша бағалау парағын толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының дамуы, бизнес-жобаның қаржылық тұрақтылығы, кәсіпкерлік дағдыларының деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.
Осылайша, грант беру туралы шешімді комиссия қабылдайды және үміткерлердің бизнес-жобаларын әзірлеуді бағалаудың нақты критерийлері негізінде жүзеге асырылады.
Комиссияның шешімі туралы ақпарат өтініш берушінің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Нәтиже оң болған жағдайда, өтініш беруші салық органдарында қызметін тіркейді, банктік деректемелерді береді, келісімге қол қояды, содан кейін бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы тоқсан сайынғы есеп береді. Мұның барлығы еңбек мобильділігі орталықтарына бармай-ақ электронды түрде жүзеге асырылады.