«Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу станциясы» ЖШС базасында ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды шаралардың бірі — «Шығыстағы Дала күні» өтті. Бұл жиынға ауыл шаруашылығы саласының жетекші мамандары, ғалымдар және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, аграрлық ғылым саласының өкілдері, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері және «ҰАҒББО» еншілес ұйымдарының басшылары қатысты.
«Дала күнінің» мақсаты — мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің заманауи тәсілдерімен тәжірибе алмасу. Қатысушыларға селекция мен тұқым шаруашылығындағы жаңа әдістер, өсімдіктерді қорғау технологиялары, ресурсты үнемдейтін шешімдер мен АӨК-ті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары таныстырылды.
Іс-шара аясында ауыл шаруашылығы техникасының ауқымды көрмесі өтті. Онда отандық және шетелдік өндірістен шыққан заманауи техникалар назарға ұсынылды. Жаңа техника үлгілері фермерлердің ерекше қызығушылығын тудырып, өнімділікті арттырып, шығынды азайтуда тиімді құрал ретінде бағаланды.
Көрсетілім алаңында селекционерлер өңірдің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып шығарылған келешегі зор сорттарды ұсынды.
«Тұқым шаруашылығы саласында құрғақшылыққа және климаттық күйзелістерге төзімді жаңа сорттарды шығару — табыстың негізгі кілті. Өнімділіктің 40–50%-ы дұрыс таңдалған сортқа байланысты. Дала күні — бұл тәжірибемен тікелей бөлісетін маңызды диалог алаңы», — деді вице-министр Ербол Тасжүреков.
Сондай-ақ ол Қазақстанға қазір бұрынғыдан да жоғары өнімділікке ие, сапалық сипаттамалары жақсартылған сорттар қажет екенін атап өтті. Дәл осындай жобалар Шығыс Қазақстан облысында көрсетіліп, жергілікті мамандардың ғылыми және өндірістік әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеп отыр.
Дала күні аясында қатысушылар аграрлық ғылымның өзекті мәселелерін, бизнес қауымдастықпен ықпалдасу мүмкіндіктерін, ауыл шаруашылығындағы жаңа технологиялар мен әзірлемелерді енгізу жолдарын, сондай-ақ егістік дақылдарының жаңа сорттарын қолдану және заманауи агротехнологияларды пайдалану перспективаларын талқылады.